Президент Польша Сенатының маршалын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Польша Сенатының маршалын қабылдады

09.11.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Польша Республикасы Сенатының Маршалы Томаш Гродзкиймен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, инфрақұрылымдық және білім беру салалары бойынша байланыстарды дамыту мәселесі талқыланды. Томаш Гродзкий Ақмола облысына сапармен барып, ондағы поляк диаспорасы өкілдерімен өткізген кездесуіне қатысты ой-пікірін ортаға салды. Ол депортация жылдарында қазақ халқының достық ниеті мен қонақжайлылығының арқасында Қазақстан поляктардың екінші Отанына айналғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Парламенттің бұрынғы спикері ретінде парламентаралық дипломатияны дамытуға баса мән беремін. Елдерімізді бұрыннан бері келе жатқан достық және көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастық байланыстыратынын атап өткім келеді. Польшаны Қазақстанның Орталық Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі деп білеміз. Польшада болып жатқан жағдайды жіті бақылап отырамыз. Сіздің еліңізге және халқыңызға зор құрметпен қараймыз.
Томаш Гродзкий,  Польша Республикасы Сенатының маршалы:
Қазақстанға сапарымыз екі ел арасындағы өзара байланысты дамытуға тың серпін береді деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Сіздердің елдеріңіздің даму қарқыны таңғалдырғанын шынайы түрде мойындаймыз.


Хабарламаларға жазылу