Президент Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады

05.11.2019

Қазақ-өзбек қарым-қатынасының қарқыны Ақордада сөз болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады. Президент ағайынды екі-ел арасындағы алыс-берістің артқанын атап өтті. Былтыр қос мемлекет 2,5 млиллиард доллардан астам қаржыға сауда жасаса, биыл бұл көрсеткіш бұдан да көбірек болатын түрі бар. Өйткені 9 ай ішіндегі қорытындының өзі соны меңзеп тұр. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев барыс-келістің де келешегі зор екеніне сенім білдірді. Өйткені Нұр-Сұлтан – Ташкент бағытындағы әуе рейстерінің саны артып, қос ел азаматтарының автобус, көлікпен қатынауы да жиілеген. Өзара сенімге негізделген серіктестікті көршілес мемлекеттер осы қарқынмен дамыта беруге мүдделі. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің елдердің экономика саласындағы ортақ жобаларының болашағы зор. Олардың жемісті жүзеге асатынына күмәнім жоқ. Қос мемлекет арасындағы инфрақұрылымды, коммуникацияларды дамытуға мән беріп отырмыз. Қазақстан мен Өзбекстан әріптестікті дамытуға қызығушылық танытып қана қоймай, бірнеше мәселе бойынша бірін бірі толықтырып отыр. Сондықтан ынтымақтастықтың ырысын көретін күн алыс емес. Оның үстіне әріптесім Шавкат Мирзиеевпен көпжақты серіктестікті белсенді түрде нығайту туралы келісім жасастық.

Танзила Нарбаева, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы:

Алдымен бізді жоғары деңгейде қабылдап, қонақжайлылық танытып жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Қазақстандағы алғашқы сағаттан-ақ өзімізді үйде жүргендей сезіндік. Аға-әпкелеріміз мейірімін төгіп жатыр. Сіздерге келмес бұрын президент Шавкат Мирзиеевпен кездескен едім. Ол сізге жылы лебізі мен сәлемін жолдап, жұмысыңызға сәттілік тіледі. Ең бастысы, екі елдің әріптестігін нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу