Оралда жылу насосынан шығатын шу тұрғындардың мазасын қашырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда жылу насосынан шығатын шу тұрғындардың мазасын қашырды

08.11.2021

Оралда жаңа 50 үйдегі жылу насосының шуылы тұрғындардың мазасын қашырып отыр. Қатты дыбыс қалыпты нормадан бірнеше есе асып кетеді. Ал әкімдік мәселені оңтайлы шешуге болады деп отыр.  

Көпбалалы ана үш жылдан бері осы шуға шағымданып келеді. Санитарлық талап бойынша үйдегі дыбыс қалыпты нормадан 10 децибел асып кеткен.

Венера Мәмбетова, тұрғын:

Санэпидстанцияға хабарластық, келіп тексерді. Қағазымыз бар, бұл санитарлық нормадан асып тұр деген, шамасы. Денсаулыққа зиян. Енді батареяны ажыратып тастайық десек, онда үй салқындап кетеді.

Мөңкеұлы көшесіндегі 2 үй де бес жыл бұрын тапсырылған. Мемлекеттік бағдарламамен салынған баспана көпбалалы аналар, мүгедектерге кезекпен, арендаға берілген.

Ұлдай Төлеева, тұрғын:

Облыс әкіміне бір рет бардым, өзіне жазбаша да апарып бердім. Есқалиев қасындағыларға тапсырды. Дыбыссыз насосқа ауыстырыңыз немесе дыбыс өткізбейтінде етіңіз деді. Ол қалды.

Айжамал Қарабалиева, тұрғын:

Мен 7 қабатта тұрамын, сол 7-ге дейін естіледі дыбыс.

Ардақ Мұратқызы,  тілші:

Біз қазір тұрғын үйдің жертөлесінде тұрмыз. Жоғарыға шу мына электр қозғалтқыштан келіп тұр. Естіп тұрғаныңыздай, шу дыбысы өте қатты. Мұны айырып тастау мүмкін емес. Олай болған жағдайда жылу жоғарғы қабаттарға бармай қалады.

Құрылысшылар насосты жоба бойынша орнатқан. Бірақ бұл тұрғынжайға емес, зауыт, қазандыққа қоятын қондырғылар депті мамандар. Әрі қып-қызыл шығын.

Айғаным Өтеляева, үйді басқару мекемесінің директоры:

Біз тексерткен мамандардың айтуынша, мұндай насостар қазандықтарда тұруы керек, жертөледе емес. Шуы тұрғындарға қатты қолайсыздық тудырып отыр. Осы үшін жарыққа айына 165 мың теңге артық ақша төлейміз.

Талап бойынша жаңа үйлерде насос болуы заңды. Бірақ құрылысшылар оны санитарлық нормаға сай қондыруы қажет. Ал осы үйлерді қабылдап алған қала әкімдігі бұл мәселені тұрғындар қаражат жинап, ПИК көмегімен шешуі керек дейді.

Мирас Мүлкәй, қала әкімінің орынбасары:

Бізде екі үй бар осы сұрақты шешкен, насостық құрылғылардың астына резеңкі балондарды төсеп, қазіргі уақытта барлық шуды  кетірдік, тұрғындар кетірді, біз емес. Әр көпқабатты тұрғын үйдің бірінші басқарушысы – ол сол үйдің тұрғындары.

Осылайша қазір шағынаудандағы 6 қазандық пен жертөледегі насостар арқылы 50-ден астам тұрғын үйге жылу беріліп отыр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу