Мұражайлар жөндеу күтіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұражайлар жөндеу күтіп тұр

29.01.2014
Мұражайлар жөндеу күтіп тұр
Қостанай облысында көне жәдігерлерді қойнына басып, төл тарихтың тірі мүйісіне айналған 10 мұражай бар. 2012 жылы соның тек біреуіне ғана күрделі жөндеу жасалған. Бұл басқаларының ғимараты күтімге зәру емес дегенді білдірмейді. Әлі де кезегін күтіп тұрғандары баршылық.
 
Бұл Қостанай қаласындағы көне ғимараттардың бірі - 1902 жылы бой көтерген көпес Яушевтердің үйі. 1995 жылдан бері облыстық өлкетану мұражайының міндетін атқарады. 12 көрме залы, қорында 120 мыңнан аса жәдігері бар. Табысы қомақты, жағдайы тұрақты.
 
Бақыткүл Мұратбекова, облыстық өлкетану мұражайының экскурсиялық-бұқаралық бөлімінің меңгерушісі:
Жәдігерлер жоспар бойынша түсіп отырады. Кейде облыс тұрғындары өздерінің ата-бабалары тұтынған, әсіресе, 18 ғасырда қолданылған заттарды бізге сыйға тартып отырады.
 
Ал, шалғайдағы Жанкелдин ауданының орталығы Торғайда төрт мұражай бар. Жұмысты жеңілдету үшін бұлар бір кешенге біріктірілген. Алайда, мұражай қанша көп дегенмен олардың бәрі 17-18-інші ғасырдан бергі тарихты ғана қамтиды.
 
Гүлбану Сәрсекеева, Торғай мұражайлар кешенінің директоры:
Жалпы, бізді қарт Торғай деп атайды. Бірақ, оның тарихы 18 ғасырдан бастап қана айтылады. Көне тарихтың зерттеліп, айтылмауы бізге өкінішті.
 
Сонымен қатар, сексенінші-тоқсаныншы жылдары бой көтерген Торғай мұражайларының барлық ғимараттары күрделі жөндеуге мұқтаж.
 
Қайыржан Есімтаев, облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары:
Аса ақауы жоқ. Дегенмен, жылу жүйелерін толық ауыстырып, жаңа шатырлар салу керек. Ағымдағы жөндеулердің арқасында ғимараттар қалыпты жағдайда, бірақ, күрделі жөндеу жұмыстарын көп кешіктірмей қолға алған жөн.
 
2012 жылы 106 миллион теңге қаржыға облыс орталығындағы Ыбырай Алтынсариннің мұражайы күрделі жөндеуден өтті. Биыл жазда Арқалық қаласындағы өлкетану мұражайына кезек келеді.
 
227 миллион теңгеге есептелген жобалық-сметалық құжаты дайын. Ал Торғайдағы мұражайларды күрделі жөндеуден өткізу алдағы жылдардың еншісінде.
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу