Қазақ Фаризасымен қоштасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ Фаризасымен қоштасты

27.01.2014
Қазақ Фаризасымен қоштасты
Бүгін қазақ руханиятының аспаны күңіреніп тұр. Қалың ел ерке қызы, ақын қызы Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салды. Поэзия падишасымен қоштасуға жиналған жұртта қисап жоқ.
 
Өйткені, өнегелі өмірін өлеңге арнаған Фариза Оңғарсынованың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі зор. Бірақ, айтылмай кеткен, қағаз беттеріне жазылмай кеткен жауһар жырлары одан да көп.
 
Дара күндері үшін, дана түндері үшін, серігі болғаны үшін, сенімі болғаны үшін, ол өлеңді аялады. Біреудің пасықтығынан, біреудің жасып мұңынан, жүрегі сыздаған кезде, жаны мұздаған кезде ол өлеңді саялады. Өмірдің өткелдерінен қиындық көп көрді, өртеніп от та басты, сонда да өлеңімен қоштаспады. 
 
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Фариза Оңғарсынова  бүкіл өмірін адам санасын шынықтыруға, сананың сапасын ширықтыруға арнады. Фариза жырлары арқылы талай қазақтың мінезі түзелді.
 
Фариза Оңғарсынованың бақыты да,  уақыты да - жыры еді. Аңсары да, мансабы да - жыры еді. Көлігі де көрігі де, анасы да баласы да - жыры еді. Ол - нағыз ақын еді. Талай игі істердің ұйытқысы болды. Халқын жырымен тербете жүріп, мансапты  қызметтерді абыроймен атқарды. Депутат болып жүріп, Балалар құқығын қорғау туралы заңды да алғаш боп көтерген  Фариза ақын еді.
 
Шырынмама Серікова, Жазушылар одағының мүшесі:
Бүгіндері алты Алашқа аты аңыз.
Мұңын шаққан Мұқағали ағамыз,
Жанды жеген сан сұрақтың жауабын,
Сенің ғана жырларыңнан табамыз.
 
Ақұштап Бақтыгереева, ақын,
Фариза - ерекше талант. Қазақтың қыздары да өлең жазады дегенді дәлелдеу үшін  өмірін құрбан етті, Фариза шыңын қалыптастырды. Фариза енді қалам ұстайтын қыздарға жол көрсетер шамшырақ болып тұр.
 
Ол қазағын мақтан тұтады, Алашы да ақынымен масаттанатын еді. Келместің кемесіне Фариза апа да мінді.  Жазылмаған жырлары көп еді... Аяулы ақын Арқа төсіндегі ұлттық Пантеонға жерленді.     
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу