Қазақ елі Зәмзәгүл Шәріповамен қоштасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ елі Зәмзәгүл Шәріповамен қоштасты

17.07.2018

Бүгін қазақ елі Халық әртісі Зәмзәгүл Шәріповамен қоштасты. Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі – М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтті.

Театр мен кино өнеріндегі аңыз тұлғамен қоштасуға ағайын-туғандары, талай жыл бірге қоян-қолтық еңбек еткен әріптестері, салалық министрлік пен атқарушы билік өкілдері және қала тұрғындары келді. Зәмзәгүл Шәріпова 10 жылға жуық созылған ауыр науқастан кейін көз жұмды. «Бұл қазақ руханияты үшін қайғы», - деді жиналғандар. Белгілі актриса 1931 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы ХХ партсъезд ауылында дүниеге келген. 1947 жылы Алматының жоғарғы киноактерлер мектебін бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясында және Қазақ радиосында еңбек еткен. 1953 жылы М.Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданып, сол уақыттан бері еш үзіліссіз осы театрда жұмыс істеп, 100-ден аса бейнені сомдаған.

Нүкетай Мышбаева, Қазақстанның Халық әртісі:

- Мен бірге бірнеше жыл жұмыс істедім. Одан кішірек болсам да, өте керемет кісі еді. Өте бір ұлы актриса болатын. Оның актрисалығында шек жоқ. Ол - жарық жұлдыз сияқты.

Сәбит Оразбаев, Қазақстанның Халық әртісі:

- Зәмзәгүл апамның еткен еңбегі зор. Халықтың сүйіктісі. Содан кейін өнегелі, инабатты, қазақ қыздарының бойындағы ұлы қасиеттердің бәрі осы кісіде еді.

Алмат ӘБДІРАМАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу