Ақтөбе облысындағы Қарақұдық ауылының халқы сегіз шақырым жол үшін сергелдеңге түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысындағы Қарақұдық ауылының халқы сегіз шақырым жол үшін сергелдеңге түсті

26.10.2021

Ақтөбе облысындағы Қарақұдық ауылының тұрғындарына қалаға жету мұң болды. Биыл үлкен трассаға дейінгі он шақырымға да жетпейтін жол қайта жөнделуі тиіс еді. Алайда, мердігер компания асфальт жабындысын алып тастағанымен, жұмысты аяқтауға асығар емес. Енді мұндағы халық жол болмаса қыс бойы байланыссыз қаламыз деп алаңдаулы.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл ауылға батпақ кешіп біз де әрең жеттік. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, мердігер компания жұмысшылары асфаль жамылғысын қопарып тастаған. Амалы таусылған тұрғындар жер жолмен жүруге мәжбүр. Оның өзі жауынды күндері ми батпаққа айналып, қатынас мүлдем тоқтап қалады екен.

Ауылды қаламен қосатын жолдың құрылысы тамызда басталған. Алайда тұрғындар құрылысшылардың жұмыс істегеннен тұрғаны көп дейді. Оның үстіне сапаға мән беріп жатқан ешкім жоқ. Алынып тасталған ескі асфальт жамылғысы қайта төселіп жатыр деп күйінеді.

Дәулет Жылдыбаев,   ауыл тұрғыны:
Не масқара мынау!? Одан да халыққа берсін ақшаны. Қазір миллиардтап бөліне ме, бізге берсін, біз бетоннан құямыз. 5 см құйып кетеді, быт-шыты шығады.

Алғашында жолдың ұзындығы 18 километр болуы тиіс еді. Алайда, қайта жоспарлау кезінде оның жартысы ғана жөнделетін болып шешілген. Тұрғындар осы сегіз шақырым жолдың өзін неге қысқа мерзімде аяқтамасқа дейді.

Ал, жауаптылар құрғақ уәдеден аса алмады. Жол құрылысы тек келесі жылдың жазында аяқталмақ.

Әкімдік өкілдері қар түскенше қиыршық тас төсеп, жүріп-тұруға қолайлы етеміз деп сендірді. Алайда, сегіз шақырым жолдың кесірінен сергелдеңге түскен тұрғындар биыл қыста тағы қатынассыз қалатын болдық деп абыржулы. 

 Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу