Биыл - Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың өмірден өткеніне 70 жыл. Қазақтың қайсар қызы 1944 жылы Псков облысының Казачиха елді мекенінде ерлікпен қаза тапқан болатын. Осыған орай, Мәскеудегі батыр қыз атындағы орта мектепте еске алу шарасы өтті.
Бұл мектепте Әлия Молдағұлованы білмейтін бала жоқ. Себебі білім ордасы батыр қыз атында. Оның үстіне мұғалімдер қауымы патриоттық тәрбиеге баса мән береді. Соның арқасында Мәскеуде қазақтың қайсар қызына еліктейтін жастар өсіп келеді.
Екатерина Семака, Ә. Молдағұлова атындағы орта мектептің оқушысы:
Әлия өте батыл, ержүрек әрі қайсар қыз болған. Өзінің алдына қойған мақсатына жетуге тырысқан. Әлия Отанын жақсы көргені соншалық, оны қорғау үшін жанын берді. Менің де Әлия Молдағұловаға ұқсағым келеді.
Мектептегі жалғыз мұражай Әлия Молдағұлованың атында. 1975 жылдан бері бұл жерде, Кеңес Одағының Батыры туралы ғана емес, тұтастай Қазақ елі туралы түрлі жәдігерлер жинақталған. Мектеп ұжымы оларды көзінің қарашығындай сақтап отыр.
Наталья Зайцева, «Память» үйірмесінің жетекшісі:
Бұл мұражайды ашу оңайға түскен жоқ. 6-7-ші сыныптың оқушылармен бірге күндіз-түні еңбектеніп осы бөлменің ішін жөндедік. Бізге ата-аналар да көп көмектесті. Ал экспонаттарды бір-бірлеп зорға жинадық. Тіпті Жоғары комсомол мектебіне барып, Қазақстаннан жәдігерлер алдыру үшін, сол жерден оқуға келген қазақтарды іздестірдік.
Әлия Молдағұлова 1944 жылдың 14-ші қаңтарында ерлікпен қаза тапқан. Яғни, сол уақыттан бері тура 70 жыл өтті. Осыған орай орта мектепте Әлияны еске алу шарасы ұйымдастырылды. Кеш барысында оқушылар қазақ қызының ерлігін жырлап, деректі фильм тамашалады.
Ирина Глушенкова, Ә. Молдағұлова атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы:
Соңындағы ұрпақтың осындай бейбіт елде тұруы үшін өз жанын қиған Әлия Молдағұлованың есімін ардақтап, келер ұрпаққа жеткізу мақсатында осындай кештерді өткізіп тұрамыз. Ең бастысы - мұндай шараларға балалардың қызығушылығы өте жоғары. Олар белсене қатысып, үлкен сыныптың балалары кішкентайларға білгенін үйретіп отырады.
Мектептің есік алдында Кеңес Одағының Батырына арналған мүсін бар. Шараның соңында жиналған қауым осы жерге келіп, тағзым етті, гүл қойды.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ