Вакцина алмағандар жұмыстан шеттетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вакцина алмағандар жұмыстан шеттетіледі

22.10.2021

Вакцина алмағандар жұмыстан шеттетіледі. Өтемақы да төленбейді. Жұмыс берушіге сондай құқық берілген. Бұл жөнінде Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов мәлімдеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы санитарлық нормасы күшіне енді. Құжатта міндетті екпе алмаған адамды жұмыс орнына жібермеу керек екені жазылған.

Вакцина салдырмағандар ақылы ПТР тест тапсыруы шарт. Екі талап та орындалмаса, жұмыстан шеттетіледі. Тек екіжақты келісіміне қарай жалақының жартысы немесе ең төменгі еңбекақы мөлшері беріледі.

Төлеген Оспанқұлов, ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы:

Осыған қатысты сауалдар жиі кездеседі. Еңбек Кодексінің талаптары бойынша жұмыс берушілер республиканың немесе өңірдің бас санитар дәрігерінің қаулысы негізге ала отырып, вакцина алмаған және ПТР тестіден өтпеген жұмысшыларды еңбекке араластырмау керек. Денсаулық туралы Кодекс бойынша бас санитар дәрігердің қаулысын орындау міндетті.

Биыл 140 адам өндірісте қаза тауып, мыңнан астамы түрлі жарақат алды. Қайғылы жағдайдың көбі - биіктен құлау, құрал-саймандардың төбеден түсіп кетуі және мекеменің көлігімен жол апатына түсуге байланысты. 30% -ға тарта заң бұзушылық қауіпсіздік пен еңбек қорғау талаптарын орындамау салдарынан болып отыр.

Жұмыс берушілерге техникалық тәртіпті сақтамағаны үшін 189 млн теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ биыл 318 қауіпті өндіріс ошағы жұмысын тоқтатты.


Вакцина ПТР тест

Хабарламаларға жазылу