«Шеврон» компаниясы алты компьютерлік томограф сыйлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Шеврон» компаниясы алты компьютерлік томограф сыйлады

20.10.2021

«Шеврон» компаниясы еліміздегі 6 медициналық мекемеге компьютерлік томограф сыйлады. Заманауи аппарат коронавирус пандемиясымен күресуге гуманитарлық көмек көрсету бойынша кең ауқымды бағдарлама аясында алынған.

Алматыдағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығына жоғары технологиялы жабдықты табыстау шарасына Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты.

Компьютерлік томография - ішкі ағзалардың үш өлшемді бейнесін алуға мүмкіндік береді. Аталған аппараттың көмегімен пневмония және басқа аурулар ерте кезеңінде анықталады. Короновирусты диагностика жасауға да кеңінен қолданылады.

 Болатбек Баймаханов, «А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

«Шеврон» компаниясы жасаған демеушіліктің арқасында «Canon»-ның компьютерлік томографына қол жеткіздік. Ақпараттық қуаты өте күшті. Біздің орталықта осындай құрылғы пайда болғанына өте қуаныштымыз. Менің ойымша, енді диагностика сапасы артады. Науқасқа диагноз неғұрлым ерте және дұрыс қойылса, ол соғұрлым тез жазылады.

 «Шеврон» компаниясы сатып алып берген дәл осындай томограф Шымкент пен Тараздағы медициналық мекемеге де табысталды. Заманауи аппаратты Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты, Қарағанды мен Ақтөбедегі медициналық университет те сыйлық ретінде тегін алды.

Джон Балтц, «Шеврон» компаниясы Еуразия бөлімшесінің бас директоры:

Мен «Шеврон» компаниясы атынан осы жоғары технологиялық жабдықты Қазақстан ауруханаларына табыс еттім. Біздің Қазақстанмен серіктестік қарым-қатынасымыз 30 жылдан бері үзілген емес. Осы миссиямыз арқылы халықтың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуіне үлес қосқымыз келеді.

 «Шеврон» компаниясы әлеуметтік жауапкершілігін бұған дейін де көрсеткен. Тек соңғы 1,5 жылда 17 дәрінің 14 миллион дозасын, 400 мың жеке қорғаныс құралын, 15 миллион қолғап пен 1,5 миллион шприцты гуманитарлық көмек ретінде алып берген.

Сонымен қатар инфекциялық аурулардың алдын алу және емдеу бойынша дәрігерлер мен медицина мекемелерін дайындау үшін кешенді бағдарламаны жүзеге асырып жатыр.


Хабарламаларға жазылу