Ұлыбританиялық ғалымдар қатерлі ісіктің 50-ден астам түрін ерте анықтамақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританиялық ғалымдар қатерлі ісіктің 50-ден астам түрін ерте анықтамақ

19.10.2021

Англияда онкологиялық аурулардың белгілерін алдын-ала анықтайтын тест сынақтан өткізіліп жатыр. Революциялық ғылыми жаңалықтың нәтижесінде қатерлі ісіктің 50-ден астам түрін ерте анықтауға мүмкіндік тумақ. 

Ник Йорк лейкемияның созылмалы түріне шалдыққан. Бойындағы қатерлі індетті бастапқы кезеңінде анықтағанда жағдай басқаша болар ма еді, дейді ол. Жылдар бойы аурумен арпалысқан науқас ғалымдардың жаңалығы талай жанды ажалдан арашалап қалатынына сенімді.

Ник Йорк, науқас: 

7 жылға созылған азабым басқалардың басына бермесін деп тілеймін. Ғалымдардың бұл бастамасы жүзеге асса, қаншама адамның өміріне араша түсуге болар еді.

Бүгінде қатерлі ісіктің көптеген түрін ерте анықтау мүмкін емес. Анықтағанның өзінде қолда бар биохимиялық процедура көп жағдайда қиын, әрі 100 пайыз кепілдік бермейді. Ал қандағы рак клеткаларының ДНК фрагменттерін зерделеу - аурудың алдын алуда революциялық жаңалық болары анық дейді мамандар.

Саймон Стивенс, Англия ұлттық денсаулық сақтау қызметінің басшысы:

Мысалы аналық без обыры және ұйқы безінің қатерлі ісігін ерте анықтаудың амал-әдістері жоқ. Пилоттық жоба нәтиже беріп, қатерлі ісіктің асқынған түрін алдын алуда топ жарамыз деген үміттеміз.

Жалпы Ұлыбританияда ең кең тарағаны - өкпе обыры. Онымен ауырғандардың 20 пайызын дәрігерлер аман алып қала алмайды. Ал қуық асты және кеуденің қатерлі ісіктерімен науқастанғандардың 45 пайызы ажал құшады.

Марина Бекенова, тілші:

140 мыңнан астам адам қатысып жатқан зерттеудің алғашқы қорытындылары 2 жылдан кейін жарияланады. Ол нәтижелі болған жағдайда 2025-ші жылға қарай еріктілердің санын 1 млн адамға дейін арттырып, одан әрі жетілдіру жоспарланып отыр. Лондоннан Марина Бекенова, “Қазақстан” ұлттық арнасы.

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу