Түркістанда бесінші сынып оқушысының өліміне қатысты тергеу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда бесінші сынып оқушысының өліміне қатысты тергеу басталды

14.10.2021

Түркістанда ауыр соққыдан қайтыс болған бесінші сынып оқушысының өліміне қатысты тергеу басталды. Баланың туыстары оның мектептегі әлімжеттіктен көз жұмғанын айтады. Өңірдегі тілшіміз Айнұр Ақбаева он жасар баланың қандай жағдайда қайтыс болғанын анықтауға тырысты.

Екі күн бұрын ауыр соққыдан бақилық болған Рамазанның туыстары бүгін мектепке келіп, құзырлы орган өкілдеріне тергеуге қатыстырсын деген талап қойды. Себебі бала қайтыс болардың алдында әжетханада сыныптасы ұрып соқты деп айтқан.

Гүлнар Маханова, марқұмның әжесі:
Менің баламды қанша күн ұрыпты, ол балам қорыққаннан қанша күн айтпай жүрген.

Күдікке ілінген баладан мамандар қазір жауап алып жатыр. Қапыда қайғы жамылған отбасы мектеп басшылығы кінәлі оқушыға ешқандай шара қолданбады, тіпті ауырып тұрған балаға медициналық та көмек көрсетпеді дейді. Дәрігерлер де марқұмның басынан ауыр соққы алғанын растап отыр.

Жанат Бүкебаева,   орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:                                                                      Ол соққыға жығылған соң, шамалы психомоторлы қозуы болған. Шошып оянып, психикалық белгілері болған да ақаулары. Бас мидың жабық травмасы, бас мидың соғылуы, ісінуі, ми стволының қысылуы, сөйтіп аспирациялық синдром деп бізде диагноз қойылып, сот медициналық сараптамаға өткізілген.

Қазір мектептегі жағдай ушығып тұр. Ата-аналардың бір тобы білім ошағында әлімжеттік өршіген десе, екіншілері оны жоққа шығарғысы келеді. Ал, күдікті оқушының жақындары баласының кінәлі емес екенін айтып ақталып бағуда.

Ал, мектеп басшылығы марқұм баланың денсаулығында кінәрат болды дегенді жоққа шығарды.

Уәлихан Бейсенбаев,   №18 мектеп-гимназиясының директоры:   
Біздің медицина қызметкері ондай нәрсе тіркемеген. Ондай ауырды деген мәлімет болмаған. Ол ешқандай неге шағымбанбаған. Сол бойынша қазір тергеу құрамы бекітіліп, осы жұмысты соңына жеткізу бойынша тергеу амалдары жасалып жатыр.

Рамазан туғаннан нағашы әжесінің қолында өсіпті. Сондықтан әжесі бәрінен де қатты қайғырып, көзінің жасын тыя алар емес.

Қазір осы оқиға бойынша тергеу жан жақты жүріп жатыр. Сот медициналық сараптама тағайындалды.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу