Үкіметте су қоймалары мен каналдардың жайы сөз болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкіметте су қоймалары мен каналдардың жайы сөз болды

05.10.2021

Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспары қаралды

Премьер-министр Асқар Мамин суды тиімді пайдалануды тапсырды. Бүгін Үкіметте каналдар мен су қоймаларын салу және оларды жаңғырту мәселелері қаралған болатын. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрі егістік алқаптарына су жеткізуде қиындықтар барын айтып отыр. Толығырақ тікелей байланысқа шыққан тілшімізден сұрап білейік. Қайырлы күн Досжан. Министр қандай түйіткілдерді айтып отыр?

Досжан Маратұлы,тілші:

Елімізде суармалы жерлерге тіршілік нәрін жеткізу үшін ұзындығы 21 мың шақырымға созылған үш жарым мыңнан астам канал бар. Бірақ олардың жартысынан астамы, яғни 55 пайызы әбден ескірген. Тіпті егінге деп бұрылған судың біразы тоз-тозы шыққан каналдан далаға ағып жатыр. Өзекті мәселе бүгін Үкіметте сөз болып, жауапты министр мәселенің қалай шешілетінін айтты.

Серікқали Брекешев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

2025-ші жылға дейін 7 облыста ұзындығы 2,3 мың километр болатын 120 суару каналын кезең-кезеңмен реконструкциялау және қалпына келтіру жоспарланған. Бұл 2025-ші жылға қарай суармалы алқапты 2,2 миллион гектарға дейін жеткізуге және суармалы судың шығынын жыл сайын 800 миллион текше метрге төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Серікқали Брекешов қазір апатты жағдайда тұрған 41 су қоймасын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деді. Айтуынша бұл 40 елдіменді су басу қауіпінен сақтайды. Десе де шаруаның іске асуы үшін 5 жылдай уақыт қажет.

Бұдан өзге Үкіметте Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік экономикалық дамуының жоспары қаралды. Осы уақыт ішінде аймаққа 2 триллион 100 миллиард теңге тарту көзделген.

Досжан Маратұлы,тілші:

Қыруар қаржыға Жаңаөзенде газ өңдеу зауытын салу, өңірдің мұнай-газ секторын, өңдеу өнеркәсібін және туризмін дамытуға бағытталған ауқымды жобалар іске аспақ. Бұл облыс экономикасын 32 пайызға арттырып, 60 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деген жоспар бар.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу