Қызылорданың іргесіндегі шағын ауданында оқушылар қауіпті көпірмен өтіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорданың іргесіндегі шағын ауданында оқушылар қауіпті көпірмен өтіп жүр

24.09.2021

Қызылорданың іргесіндегі «Бәйтерек» шағын ауданында бірде-бір мектеп, я балабақша жоқ. Балалар қалаға қатынап оқиды. Шет аумаққа осыдан 5 жыл бұрын қоныс тепкен тұрғындардың шаһарға барып-қайтуының өзі мұң. Өйткені, екі аралықты үлкен канал бөліп тұр. Ал қалаға апаратын жалғыз көпір 3-4 шақырым қашықта. Бәйтеректегі қарашаның базынасын өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы тыңдап қайтты.
Әділбек Серікұлы, тілші: 
Қалаға төте баратын мына өткелді кезінде тұрғындар өз күшімен салған. Ел аузында қыл көпір атанған. Расында, мұның үстімен жаныңды шүберекке түйіп өтесің. Тіпті, бір жақ бетінде ұстайтын тіреуіштері жоқ. Тұрғындар балаларымыз құлап кете ме деп алаңдайды. 
Биыл жазда ғана осындай қыл көпірден оқушы қыз құлап, суға кетіп ажал құшқан еді. Бұл қайғылы оқиға бәйтеректік ата-аналарды уайымға салып қойды. Өйткені, бұл аумаққа жақын мектеп пен балабақша каналдың арғы бетінде. Ал күнделікті өтетін жалғыз аяқ көпір балалар үшін қауіпті.
Қуанышкүл Бекпанова, «Бәйтерек» шағын ауданының тұрғыны:
Бес немере бар екеуі оқушы. Үшеуі балабақшаға барады. Сол мына жерден өту қиын болғасын мектептің дәл жанынан квартира жалдап жатырмыз. 20 мыңнан.
Ал жолмен қатынау алыс. Оның үстіне қоғамдық көлік бірде бар, бірде жоқ. Тіпті, көлігі бар тұрғындардың өзі ойдым-ойдым жолдан әбден азап шегіп отыр.
Қожамберді Дүйсембаев, «Бәйтерек» шағын ауданының тұрғыны:
Мен мәшинемді арғы бетке қойдым. Қазір арғы бетте тұр. Өзім көпірден өтем. Үйім біраз жерде жаяу барам. Ал енді көпір болса айналып барар едік.
Бас жоспарда «Бәйтерек» қалаға бергісіз заманауи мөлтек аудан болады деп көрсетілген. Алайда, 5 жыл ішінде ел игілігі үшін мұнда бірде-бір нысан салынып, пайдалануға берілген жоқ. Ал көпті алаңдатқан көпір мәселесін әкімдік назарға алыпты.
Бауыржан Оспанов, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
Жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу мақсатында қалалық бюджеттен 17,790 млн. теңге қаржы бөлініп, жобалаушы мекеме жұмыс жасап жатыр қазіргі таңда. Сол жұмыстар аяқталғаннан кейін, құрылыс монтаждау жұмыстарының құны шығады. Сол сомаға сәйкес,алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылады.
Былтыр елдімекенге кіреберіс жолдан 600 орындық мектептің іргетасы қаланғанымен, оның да құрылысы орта жолдан тоқтап қалды. Салаға жауаптылардың айтуынша, қаржы бөлінбей, келесі жылға қалған.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу