Теріскейде жерінен айырылған тұрғындар көшіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде жерінен айырылған тұрғындар көшіп жатыр

22.09.2021

Теріскейде жерінен айырылған тұрғындар көшіп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы 5 ауылдың жұрты пайсыз қалды. Елдімекендердің жерін жалға алған «Жарқын-СК» және «Рамут» серіктестіктері халықтың келісімінсіз жылжымайтын мүлікті элеватор саламыз деп несие алу үшін банкке кепілге қойып жіберген. 600 млн теңге көлеміндегі қарыз уақытылы қайтарылмағандықтан жер аукционға шығарылған.

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы жерінен айырылған тұрғындар көшіп жатыр. 5 ауылдың жұрты пайсыз қалды. Елдімекендердің жерін жалға алған «Жарқын-СК» және «Рамут» серіктестіктері халықтың келісімінсіз жылжымайтын мүлікті элеватор саламыз деп несие алу үшін банкке кепілге қойып жіберген. 600 млн теңге көлеміндегі қарыз уақытылы қайтарылмағандықтан жер аукционға шығарылған.

Бірлестік, Егінді-ағаш, Дәуқара, Светлый және Қарақамыс. Бес ауылдың 800 тұрғыны жерінен айрылып қалды. Жердің кепілге қойылғанын көпшілік білмей қалған. Тұрғындар сот орындаушысының үстінен шағым түсіргеннен кейін ғана 42 мың гектар егістік пен жайылымдық алқап аукционнан алынған.

Меңдібай Тәжібаев, Қарақамыс ауылының тұрғыны:
Қалалық жерге, аудандық жерге көшіп кеткен, қоныс аударған кісілер бар ғой. Олардың көбі қайтыс болған. Солардың атынан қол қойдырып алған жағдайлар болыпты. Оны біз енді соттың барысында естіп, біліп көріп жатырмыз.

Үш ай жүргізілген тергеу барысында үлескерлердің хаттамаға қол қоймақ түгілі құжатты көрмегені де анықталған. Алайда күдікті болмағандықтан, қылмыстық іс қозғалмаған. Ал элеватордың құрылысы басталған да жоқ. Бес ауылға тиесілі 42 мың гектар жердің биыл бар-жоғы 2 гектарына ғана арпа егілген. Пайсыз қалған тұрғындар төрт түлігін арзанға сатуға мәжбүр.

Елді мекенде күнкөріс қамымен үйін жауып кеткендер көп. Ауланы басқан шөп пен есіктегі құлып мұны айғақтап тұр. Жергілікті билік өкілдері болса, мал азығы мәселесі жақында шешіледі деп отыр.

Едірес Жанапин, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:
450 тоннаға жақын қоймада бидай жатыр, былтырдан. Пай иелері айтқан да, биыл оны тағы да қозғап жатырмыз. Қазір прокуратура бұл жағын қарап жатыр. Заңдастырып, келістіріп, сол пай иелеріне көмек жасаймыз. 

Ал тұрғындардың арызы экономикалық сотта қаралып, жерді жалға қою туралы хаттаманың күші жоқ деп танылған. Алайда мүлік әзірге кепілден алынған жоқ.

Жыл сайын берілетін пайсыз қалған көпшілік қолда бар малын сатуға мәжбүр.

Эльмира Кәленова 

Хабарламаларға жазылу