Ақмола облысындағы шаруалар бірнеше айдан бері субсидияға қол жеткізе алмай жүр.Мемлекеттік қолдауға ие болу үшін 4-5 жыл бұрын ауыл шаруашылық кооперативтеріне біріккен олар бүгінде керісінше, кедергілерге тап болды. Шағымын жеткізгендердің біразы Зеренді ауданынан. Өңірдегі тілшіміз Ермек Елберген шаруалармен арнайы барып кездесті.
Зерендідегі бірнеше өндірістік кооперативтер субсидия ала алмай отыр. Ауыл тұрғындарының малы түгел осы коперативке тиесілі. Алайда субсидия алу үшін мал ұстайтын бір ғана нысанның есептік нөмері болуы шарт.
Жанболат Нұрабаев, Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері төрағасы:Ол ауыл шаруашылық кооперативтеріне алуға мүмкін емес. Өйткені учетный номер беріледі тек қана бір объектіге. Ал біздікі барлық елден жиналған барлық мал, үй шаруашылығы малдары. Сондықтан әрбір үйге жүріп учетный номер беру мүмкін емес.
Мал дәрігерлерінен біріздендірілген электронды құжат алу да қиын. Себебі жүйе жұмыс істемейді. Қаржыға өтінімді бірінші болып жібергендер қол жеткізеді.
Серік Ажыбаев, ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерінің төрағасы:20 бұқа алғам. Сол 20 бұқаға мен 8 миллион ақшаға сатып алдым. Жаңағы ауылдарға, табындарға жіберу үшін, осы программа бойынша. Содан 5 миллион субсидия алу керекпін де, сол былтырдан бері тек қана шығынға батып отырмын. Кедергілерге байланысты осыншама, міне, былтырдан бері, 2 жылдан бері бір тиын алған жоқпын.
Бұл мәселе бірнеше рет көтерілген. Ауыл шаруашылығы басқармасы министрлікпен де осы түйткілді талқылаған. Жауап жақында келді.
Қайрат Көшенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:Селекциялық жұмысты жүргізу бойынша, сосын асыл тұқымды малды сатып алу бойынша, асыл тұқымды бұқаларды табында пайдалану, бордақылау алаңдарына бұқаштарды тапсыру бағыттары бойынша бұл есептік нөмер талап етілмейді деген осы жұма келіп түсті бұл хат. Қазір барлық шаруашылықтарға бұл хаттарды біз таратып жатырмыз.
Бұдан бөлек, субсидияға жылда қаржы жеткіліксіз бөлінеді деп налиды шаруалар. Ақмола облысында мал шаруашылығы бағыты бойынша жыл басындағы сұраныс 13 миллиард теңге. Берілгені бар жоғы - 4,6 миллиард. Ал өңір шаруаларына әлі де субсидия ретінде 5,7 миллиард теңгедей қаржы керек. Енді бұл қаражатты жергілікті билік Үкіметтен сұрап отыр.
Ермек Елберген