«Facebook» әлеуметтік желісі өз-өзіне қол салуға бейім адамдарды жасанды ақыл-ой арқылы анықтайтын болады, деп хабарлайды Риа Новости агенттігі Би-би-си-ге сілтеме жасап.
«Facebook» желіні қолданушылар жазып қалдырған жазбалар арқылы олардың иелері туралы ақпарат беретін алгоритм құрастырды. Жасанды ақыл-ой желі қолданушыларына олардың достарынан келген «Мен саған алаңдап отырмын», «Сенде бәрі дұрыс па?» деген мағынадағы сөздерді анықтап отырады.
«BBC»-дің мәліметтері бойынша, қолданушылар желіге жазып қалдырған сөздерге арнайы сараптама жүргізіледі. Сол арқылы адамның көмекті қажет ететінін немесе қажет етпейтінін анықтайды. Сараптаманың қорытындысы арнайы зерттеушілерге жіберіледі.
Аталмыш бағдарламамен жұмыс істейтін бөлім басшысының хабарлауынша, мұндай шаралар аса қажет. Аталған жоба әзірге тек АҚШ-та ғана жүзеге асырылуда.
«Facebook» өкілдері сонымен қатар, адамның жүйке жүйесін зерттеумен айналысатын бірнеше ұйыммен бірге жұмыс істеп жатқандығын жеткізді. Суицидке бейім желі қолданушылары енді олармен арнайы алаң арқылы жедел түрде хабарласа алады.
Бұған қоса әлеуметтік желі онлайн-трансляция кезінде де өзіне-өзі қол салуға бейім тұратын адамдарды анықтау тетігін ойластыруда.