Президенттің Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарына шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарына шолу

12.09.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарын Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылындағы егін алқабына барудан бастаған, егінді төкпей-шашпай жинап, кеуделеріңізді орден-медальға дайындаңыздар деп шаруалармен қалжыңдасып қойды. Субсидия, техника жағынан мемлекеттік қолдау міндет екеніне тоқталған соң. Әсима Нұрбайқызының материалы.

Дала еңбеккерлері үшін биыл егінді күтіп-баптау оңайға соққан жоқ. Жауынсыз жаздан кейін шаруалардың көңілі күпті. Өйткені, ел қамбасына құйылатын астықтың 30 пайызы осы өңірде өсіріледі. Ал биыл алқапқа себілген егіннің көлемі былтырғыдан көп. 4 млн 300 мың гектардан асады.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Егін жайқалып тұрғанымен, оның бітік шыққанын білдірмейді. Биыл жазда жауын-шашын аз болды. Ыстықтан өнімнің біразы қурап қалған. Астықты аймақ солтүстіктің өзі қуаңшылық салдарын тартуы мүмкін. Шаруалар түсім гектарына 10-15 центнерден аспайды деп отыр.

Егіннің жайын еккен біледі. Бауыржан Төлебаев – тәжірибелі механизатор. Ол аптаптан кейінгі алқапқа алаң.

Бауыржан Төлебаев, механизатор:
Күн ыстықта бидайдың басы семіп қалады. Тола қоймайды. Бойы көтеріледі. Жауын болса бидай толық, мол болдаы. Биыл енді шалағай. Былтыр оңды болды.

Осының өзін шұғыл жинап алмаса болмайды. Өйткені, теріскейде егін өсірудің тәуекелі жоғары. Ауа-райы тез өзгереді. Биыл егін ерте пісті. Сол себептен диқандар орақты жарты айға ерте салды.

Осы жаз шаруаларды біраз қысты. Қамданғанның қапы қалмайтынын еске салды. Оның үстіне қыр астында – қыс. Сондықтан жем-шөп базасына бей-жай қарауға болмайды. Облыс шаруалары мал азығын молынан жинап жатыр. Аймақтан артылғаны өзге өңірдегі тарыққан жұртқа жөнелтіледі.

Мейрам Меңдібаев, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
Маңғыстау облысы бойынша бізде облыста меморандум бекітті.  Біздің облыс 10 мың тоннадай жем-шөпті беруге дайынбыз.

Облыс экономикасының қазіргі беталысы жаман емес. Негізгі салалардағы көрсеткіш ойдағыдай.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
 Пандемияға қарамастан, облыс экономикасының негізгі салаларында өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығында өсім – 101,7%, өнеркәсіпте – 107,2%, инвестицияда – 124,5% құрады.

Шаруалар Президентпен кездесуде түйткілді мәселелерін айтып қалуға тырысты. Олар субсидия азаятынына алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау тоқтамайтынын айтты. Керісінше, сол жерде жауаптыларға саладағы саясатты жетілдіруді жүктеді. Ұнның экспортқа шығарылу көлемі де төмендеп кеткен. Бұл бағытта тариф саясатын реттеуді тапсырды. Техникамен қамту мәселесі де – өзекті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкімет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін осындай техникалармен қамтамасыз етуге көмек беруі керек. Егер заманауи техника болмаса, біздің ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан Үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қол жетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуы тиіс. Мен бұл мәселеге баса мән беремін.

Күрделі кезеңде қисынын тауып, қамбаға алтын дән құйып жатқан диқандарды Президент демеп жіберді.

Иә, сстықты ел қамбасына төкпей-шашпай құю үшін тегеурінді техника қажет. Алайда, облыстағы трактор, комбайндардың 76 пайызы ескірген. Бұл әлбетте, дала еңбеккерлерінің шаруасын ширатуға кедергі. Проблеманы шешу үшін инвестицияның дені осы салаға бағытталып жатыр. Соның бір нәтижесі - немістің танымал Claas техникалары енді біздің елде де құрастырылады.

Нильс Ройч, «CLAAS» компаниясының Шығыс Еуропа бойынша аймақтық директоры:
Ауылшаруашылық техникаларын құрастыратын зауытты ашпас бұрын біз өңірдің климаттық жағдайын ескердік. Яғни, осы жақтың ерекшеліктеріне сай келетін, шаруалардың жұмысын жеңілдететін жағы қарастырылды.

Бұл комбайндар бір айлық жұмысты 10 күнде тындыруға қауқарлы. Яғни, басқалардан 3 есе шапшаң қимылдайды. Сондықтан өнімділігі жоғары. Жыл аяғына дейін астық жинайтын осындай 90 машина құрастырылмақ. Дегенмен, бағасы арзан емес. Мемлекет сол үшін қолдау көрсетуге дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
 «CLAAS» өнімдерінің Қазақстан нарығына келуі - үлкен жетістік. Мұны өте ірі инвестициялық оқиға деуге болады. Германиялық концернмен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату қажет.

Өңірде тағы бір жаңа кәсіпорын жұмысын бастады. Ол – Петропавл электротехникалық зауыт. Трансформатор шығарады. Компания нарық үшін таңсық емес. Ел бойынша 5 өңірде өндірісі бар. Алыс-жақын елдерден тапсырыс көп. Алтыншысы сол себептен ашылды.

Қазір әлемнің біраз елінде қазақстандық осы құрылғылар тұр. Мәселен – Тәжікстан астанасы Душанбеднің электр қуатымен қамтитын негізгі станцияларына орнатылған.

Петропавл зауыты да өнімнің 98 пайызын экспортқа жөнелтпек. Тек кадр тапшылығы бар. Мәселе «Серпін» бағдарламасы арқылы шешімін таппақ. Өзге өңірдің жастарын теріскейге алдыртып жатыр.

Жалпы, биыл өңірге тартылған инвестиция құны - 156 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға көп. Ал алдағы 5 жылда 2 трлн теңгеге жуық қаржыға 75 жоба жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Өңірді өркендету үшін атқаратын шаруа әлі шаш етектен. Оның үстіне жолдау жүктеген міндет көп. Аз уақытта бәрін тындырып тастау мүмкін емес. Бірақ халықтың әл-ауқатын арттыру мен экономиканы әлсіретіп алмауда сергектік танытқан жөн деді Президент. 

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу