Алматыда шектеу шаралары жеңілдетілді. Соңғы екі аптада науқастар санының едәуір төмендегені байқалады. Вирус жұқтырғандар 1600-ден 976-ға дейін азайды. 10 күн бұрын ауруханаларға бір тәулікте 700-дей науқас жатқызылса, қазір 400-ге жетпейді. Оқушылар арасында да көрсеткіш төмендеген. Жаңа оқу жылына дейін тәулігіне шамамен 160 баладан вирус анықталса, 1 қыркүйектен бері 89 бала ауырған. Олар білім алған сыныптар карантинге жабылып, оқушылар онлайн форматта оқып жатыр. Мамандар науқастар саны қазан айының ортасына қарай әлдеқайда төмендейтінін айтты. Провизорлық орталықтар мен инфекциялық стационарлар жабылып жатыр. Мәселен, осыған дейін вирус жұқтырғандарды қабылдаған «Halyk arena» кешені жұмысын тоқтатты. Бірақ, нысан жаңа жылға дейін резервте болады. Өзге де ковидтік стационарға айналған бірнеше мекеменің қызметі кезең кезеңімен қалыпты форматқа көшіп жатыр.
Елордадағы емдеу орындары да кезең-кезеңімен өз жұмыс режиміне оралады. Ковидке шалдыққандар санының азаюына байланысты қаладағы бес аурухана әдеттегі жұмыс процесіне қайта көшпек. Сондай-ақ, Ұлттық травмотология және ортопедия ғылыми орталығы мен психикалық денсаулық орталығы да тікелей міндетіне оралады. Алайда, дәрігерлер жағдай толығымен тұрақталды деуге әлі ерте дейді. Маска тағу мен өзге де сақтық шараларын ұстанудың маңызды екенін ескертеді.
Нұрхан Нұрланұлы