Елордада коронавирус жұқтырғандарды емдейтін үш стационар жабылды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, науқастар саның азаюына байланысты 370 адамға арналған емдеу мекемесі жұмысын тоқтатқан. Бірқатар аурухана мамыр-шілде айларында инфекциялық стационарға бейімделген еді. Эпидемиологиялық ахуал тұрақталса, алдағы апта тағы екі аурухана жабылады. Жалпы елордада вирус жұқтырған адамдарды емдейтін 18 стационар бар.
Әйгерім Ардаққызы, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:Елордада эпидахуалдың жақсаруына, ауырғандар санының азаюына септігін тигізген – вакцинация. Қала бойынша вакцина алуға жататын топтың арасынан 60 пайыздан астамы вакцина салды. 1-компонентін алғандар 407 мыңнан асып отыр.
Тамыздан бері стационарға түскен науқастар екі есе азайды. Ауруханаларда қазір 1400-ден аса адам емделіп жатыр. Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтыру қарқыны төмендеп келеді. Шілде айына қарағанда 21 пайызға азайған. Ал өткен аптамен салыстырғанда 31 пайызға төмен. Алайда жауаптылар вирус жұқтыру қаупі сейілгенімен, қаланың «қызыл аймақта» тұрғанын еске салады.