Ескендір Хасанғалиев пен жұбайы жансақтау бөлімінде жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ескендір Хасанғалиев пен жұбайы жансақтау бөлімінде жатыр

22.04.2021

Елордада коронавирус жұқтырған 104 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Яғни, реанимациялық төсектердің 53 пайызы бос емес. Ал, жалпы, ауруханаларда 1255 пациент ем қабылдауда. Дәрігерлердің сөзінше, олардың да жағдайы күрделі. Айта кетейік, науқастарды емдеуге қалада 15 стационар жұмылдырылған. Ахуалды тұрақтандыру үшін тұрғындарды жаппай вакциналау жүргізіліп жатыр. Вакцинация пункттерінің саны үш есе артып, 100-ге дейін жеткен.

Шәкизада Жүсіпова, №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының аға медбикесі:
 Халық індеттен құтылдық деп ойлайды. Бірақ толық құтылған жоқпыз. Сол себепті сақтанып жүру керек.

Ал, Алматыда қарттар үйінің екі тұрғыны коронавирустан көз жұмды. Тағы бір тұрғыны инфекциялық станционарға жатқызылған. Қазір қаладағы емдеу мекемелерінде 3800-ге жуық науқас жатыр. Олардың 96-сы бала. Дәрігерлер 920 адамның жағдайы ауыр,-дейді. Сол хәлі мүшкіл науқастардың қатарында әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев пен оның жұбайы Дарико Сопыжанқызы да бар. Олардың жансақтау бөлімінде жатқаны туралы ұлы Біржан Хасанғалиев хабарлады.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу