Түркістан облысында жаңа 15 мектеп ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жаңа 15 мектеп ашылды

02.09.2021

Түркістан облысында жаңа оқу жылында 52 мың оқушы мектеп табалдырығын аттады. Өңірде жаңадан салынған 15 мектеп есігін айқара ашса, тағы 29 білім ұясы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Алайда мұнымен мектептердегі орын тапшылығы мәселесі шешіле ме? Тілшіміз Айнұр Ақбаеваның материалы.  

Бастауыш пәнінің мұғалімі Гүлдана Каримова Түркістан қаласында жаңадан салынған мектепте алғашқы қоңырау соғыла салысымен, сабағын бастап кетті. Сыныптағы он алты баланың жүзінде қуаныш, оларды ұстаздары білім нәрімен сусындатпақ. Жас мұғалімнің сөзінше, пандемия кезінде сабақтардың онлайн өтуі балаларға да, ұстаздарға да оңай соқпаған.

Гүлдана Каримова, мұғалім: 
Бізге қашықтан сабақ беру өте қиынға соқты. Себебі, балалардың эмоциясын, көңіл күйлерін біле алмадық. Офлайн сабақта біз балаларды көріп отырамыз, сабақты қалай қабылдағанын. Түсінбеген жағдайда көңіл күйлерінен байқаймыз.

 Жаңа оқу жылында Түркістан облысында 15 мектеп есігін айқара ашты. Соның бірі Түркістан қаласында бой көтерген 900 орындық білім ұясы. Бүгін мұнда үш жүзге тарта оқушы қабылданып, білім күніне орай салтанатты шара өтті.

Рақымбек Жолаев, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:
Қазір Түркістан қаласында 8 мектеп үш аусымда оқиды. Жәнеде үш аусымға өтіп кету қаупі бар 6 мектеп бар. Түркістанда қазіргі таңда әлі он мектеп керек. 900 орындық, 1200 орындық 10 мектеп қажет болады. Сонда ғана үш аусымды жеңіп, бір аусым, екі аусымдық дәрежеге жететін боламыз.

Ал, Түлкібас ауданындағы мына мектеп күрделі жөндеуден өтіп, бала санының көбеюіне байланысты қосымша ғимарат салынды. Бұл жаңалыққа әсіресе ауыл тұрғындары дән риза. Себебі, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары асарлатып салынған мектепке балалар сыймай, халық саны азайып кеткен болатын.

Орынтай Тыналиев, ауыл тұрғыны:
Қалада оқимыз деп көп халық көшіп кеткен. Мынау Ақсая деген жердің халқы тұтас көшіп кетті. Лесхоздың да халқы көшіп кетті. Ал қазір мектеп салынып, балалар саны көбейіп, осыны салған кісілерге мың да бір рахмет.

Қазір аймақта 57 мектептің құрылысы жүргізілуде. 2025 жылға дейін тағы 157 білім ошағы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Мамандар өңірдегі демографиялық өсімнің жоғары болуына байланысты мектеп жетіспеушілігі мәселесін жекеменшік білім ұялары есебінен де шешіліп жатқанын айтады. Мәселен Түркістан қаласының өзінде жаңа оқу жылында осындай 7 мектеп оқушыларды қабылдады.

Айнұр Ақбаева 


Хабарламаларға жазылу