Маңғыстауда бір күнде 4 адам суға кетті. Қайғылы жағдай Қарақия ауданындағы теңіз жағалауында болды. Құтқарушылар суға батқан 3 жеткіншектің екеуінің денесін бүгін таңертең тапты. Енді 17 жастағы қыз бала іздестірілуде. Жалпы облыста суға түсу маусымы басталғалы өлім-жітім көп. 2 айдың ішінде 15 адам көз жұмды.
Қайғылы жағдайдың екеуі де кеше кешке болды. Қарақия ауданындағы Құрық ауылында 17 жастағы екі қыз бен 16 жасар жеткіншек теңізге батып кетті. Құтқарушылар екі адамның денесін бүгін таңертең тапқан. Іздестіру шаралары әлі жалғасуда. Көп ұзамай осы аудандағы демалыс орнындардың бірінде 28 жастағы азамат суға кетті.
Бауыржан Мырзағұлов, Жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары:
Кеше дауыл болды. Толқынның биіктігі 1,5-2 метрге дейін жетті. Бірақ соған қарамастан, сақтық шараларын ескерместен адамдар суға түскен. Салдарынан осындай қиын жағдайға тап болды.
Облыста суға кету дерегі жылдан жылға көбейіп барады. Былтыр 10 адам қаза тапса, биыл мерт болғандардың саны 15-ке жетті. Олардың басым бөлігі қауіпті аймақтарда шомылған. Облыста мұндай 4 жер бар.
Ілияс Смағұлов, Ақтау қаласының тұрғыны:
Мен осы жерде 53 жыл бойы ойнап-өсіп келе жатқан жерім. Негізі бұл жерге суға түсуге болмайды. Үйірім алып кетеді. Жастар оны түсінбейді.
Өңірде қауіпті аймақтарда суға түсуге болмайды. Облыстық мәслихаттың арнайы қаулысы бар. Биыл осындай құлақ аспаған 236 тұрғынға 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Олег Градиский, Ақтау қаласының тұрғыны:
Теңізге түсуге тыйым салғанша, жағалауда халыққа жағдай жасау керек қой. «Голубая бухтаға», «Тамшалыға», «43-шақырымға» баруға тыйым салды. Бұл не деген масқара? Мына 4-шағын аудандаға жағалауға да түсуге рұқсат жоқ. Бұдан кейін туризм қалайша дамиды?
Орынбасар Тоғжанов, эколог:
Қай жерде жағалауда құм шығып жатса, ол жерде теңіз астында ағыс бар деген сөз. Тұрақты ағыс бар деген сөз. Кейбір жерлерде иірімдер болады. Сондықтан халық түсіну керек. Рұқсат етілген жерде ғана түсу керек.
Мамандар тұрғындарға теңізге түскенде сақ болуға, рақсат етілген жағалауда шомылуға кеңес береді. Өйткені, қайғылы жағдай көбінесе ішімдіктің салдарынан және қауіпті аймақтарда тіркеліп отыр. Төтенше жағдайлар Комитетінің мәліметіне сүйенсек, суға түсу маусымы басталғалы елімізде 236 адам суға кеткен. Оның 81-і балалар.
Аягөз ОРАЛБАЙ