Түркістан облысында кірпіш зауытына қатысты шу шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында кірпіш зауытына қатысты шу шықты

24.08.2021

Түркістан облысында кірпіш зауытына қатысты шу шықты. Ондаған тұрғын мен құрылыс компаниясының өкілдері кірпіш сатып алу үшін жергілікті зауыт басшылығымен келісімшартқа отырып, алдын ала ақшасын төлеп қойған. Бірақ содан бері жыл өтсе де тапсырыс берушілер бірде -бір кірпіш ала алмаған.

Бір жылдан бері өздеріне тиесілі кірпішін даулап, ала алмай жүрген тұрғындар бүгін кеңсе алдында шу шығарды. Олар құрылыс материалдарының 100-ден астам түрін шығаратын ірі кәсіпорынның кеңсесін бір жылға жуық уақыттан беру торуылдап келеді.

Алмас Балтабайұлы, Түркістан қаласының тұрғыны:
Біреу 3 млн, біреу 5 млн төлеген. Жалпы сомма қазір 40 млн теңгенің айналасында. «Нұр-Стройға» келсек, Тайырханға ақша бергенсіңдер, арендаторға содан талап етіңдер дейді. Қалалық ішкі істер басқармасына өзіміз бас директорды апарып бердік. Беттестірді. 20 күннің ішінде ақшаны қайтарамын деді, бірақ қайтармады.

Зардап шегушілер құзырлы органдарға да жүгінген. Алайда ондағылар қолданыстағы заңға сәйкес, екі жақты келісімшарт болғандықтан бұл қылмыстық іске жатпайды деп жауап қайтарған. Азаматтық іс болып қаралатынын жеткізген. Сондықтан тергеушілер барлығына бірдей сотқа арыздануға кеңес берген.

Құрбан Абылов, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны:
Не болды, Тайырхан деп хабарлассам, «мен зауытты сатып алайын деп жатырмын. Үйтіп жатырмын, бүтіп жатырмын. Содан кейін сізге беремін» деді. «Хабар өзімнен болады» деді. Хабар болмаған соң мен Саурандағы кірпіш зауытқа бардым. Қарауылдар айтады, «ол кісілердің бәрі босап кеткен» дейді. Біз сонда не істеуіміз керек?

Жұрт шулаған соң кәсіпорынның заңгері шықты. Оның айтуынша, зауытты жалға алған адамға алданып, өздері де шығынға батқан. Қазір осы іске қатысты құжаттарын сотқа өткіздік деп отыр.

Алмас Әбдіхалық, кәсіпорынның заңгері:
Мен бұл кісілерге айтқанмын. Сіздер 25 болсаңыздар, біз 26-шымыз. Бізде зардап шегіп отырмыз. Міне қараңыздар, бізге де 76 млн теңге қарыз. Одан бөлек, 2 млн 288 мың теңгені сотқа бергеніміз үшін төледік. Сотқа бердік.

Қазір кәсіпорынның зауытты жалға алушының үстінен түсірген талап арызы бойынша іс облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып жатыр.

 Құрасбек Рысқұлбеков, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы:
«Нұр-Строй ЛТД» ЖШС сотқа арызбен жүгініп, онда жауапкер «Шейх кз ЛТД» ЖШС жалпы 70 млн теңге көлемінде қарыз және материалдық шығынды өндіруді сұраған. Талап-арыз сот өндірісіне қабылданып, азаматтық іс қозғалған. Қазіргі таңда іс бойынша сот талқылауы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне тағайындалды.

Ал арзан кірпіш аламыз деп алданып қалған 20-дан аса тұрғынның мәселесі қашан шешілері әзірге белгісіз.

Дарын Сағитов, Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу