Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн атындағы зерттеу институты ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн атындағы зерттеу институты ашылды

19.10.2014
Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн атындағы зерттеу институты ашылды

Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының жанынандағы бұл орталық Түркістан өлкесін зерттеумен айналысады.

2014 жылы 20 қазанда  Тараз педагогикалық институтының жанынан Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының салтанатты ашылуы болады. Орталыққа Қарахан дәуірінде өмір сүрген ұлы ойшыл, ақын, атақты «Құтты білік» дастанының авторы Жүсіп Хас Қажыб Баласағұнның есімі берілді.

Жүсіп Баласағұн  қазіргі Қазақстанның Шу аймағындағы көне Баласағұн қаласында туған. Ғұламаның басты шығармасы – «Құтты білік» – ізгі мемлекетті қалай құру және оны қалай басқару туралы энциклопедиялық туынды.

«Құтты білік» – ізгі мемлекетте өмір сүретін ізгі адамды қалай тәрбиелеу керек деген мәңгілік сұраққа жауап іздеген түркі тіліндегі алғашқы философиялық-педагогикалық шығарма.

Ғылыми зерттеу орталығының мақсаты – Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау.

Орталық биылға жоспарлаған 6 томның 2-і баспадан шықты. Енді  Алаш қозғалысы мен  Жетісу өлкесінің отарлану тарихына қатысты екі кітап қалың оқырманға жол тартты. Белгілі тарихшы О.Қоңыратбаевтың  «Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметінің күндерегі. 1 том (1894-1919)» атты биохроникалық зерттеу еңбегі таяуда жарық көрмек.

Айта кетейік, осынау игі шараға Орталық Азияның барлық республикаларынан қонақтар келеді деп күтілуде.

Хабарламаларға жазылу