Нұр-Сұлтанда элиталық тұрғын үй кешені өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда элиталық тұрғын үй кешені өртенді

10.07.2019

Нұр-Сұлтан қаласында кеше элиталы тұрғын-үй қызыл жалынға оранды. «Британ кварталы» деп аталатын баспанадан шыққан қара түтін Елорданың аспанын тұмшалап қалды. Абырой болғанда өрттен зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ.

Қымбат үйдегі қызыл жалын кеше кешкісін шамамен жеті жарымда тұтанған. Алғашқыда сол жердегі жұмысшылар өз күштерімен сөндірмек боп, өрттің ауқымын үлкейтіп алыпты. Өрт сөндірушілер келген кезде 100 шаршы метр жер алауға оранған.

Өртті сөндіру кезінде шатырдың өзгеше жобалануы біршама қиындық туғызған. Жылдамдығы 13 м/с болатын жел де айтарлықтай кедергі жасады.

3,5 сағат өткен соң барып қана өрт толығымен сөндірілді. Тілсіз жау 600 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген.

Марғұлан Аманбаев, қалалық ТЖД басшысының міндетін атқарушы:

Өрттің шығу себебі осы тұрғын-үйде жөндеу жүргізген компанияның адамдары полицияға түсініктеме беріп жатыр. Олар техноколь дейді ғой, жанғыш материал. Соны газ пояльный лампамен қыздырып жабыстырып отырған кезде өрт шыққан.

Қазіргі таңда үйлері бүлінген 10 отбасы қонақ үйлерге жайғастырылды. Полицияның тергеуі аяқталған соң құрылыс компаниясы пәтерлерді толықтай қалпына келтіріп беруге уәде берді.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу