Ералы Тоғжанов: Балаларға арналған тегін спорт секцияларының санын арттыру қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ералы Тоғжанов: Балаларға арналған тегін спорт секцияларының санын арттыру қажет

12.08.2021

Еліміздегі мектептердің 11 пайызында спорт залдары жоқ, 24 пайызы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылмаған. Қордаланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешу қажет. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов аймақтағы әкімдіктерге осындай тапсырма берді. Бұған қоса, халықаралық тәжірибені ескере отырып, кәсіби спортшыларды даярлау тәсілдерін қайта қарау қажеттігіне тоқталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір спорт саласын реформалау жүріп жатыр. Соның ішінде балалар спортын дамытуға басымдық беріледі. Жауапты органдарға нақты тапсырма жүктелген. Ведомство басшысы бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі дейді. Бұл салауатты өмір салтын қалыптастырып, қоғамды алға жетелеуге ықпал етеді.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі: 
2025 жылға дейін азаматтарымыздың, жастарымыздың., үлкендеріміздің 50 пайызға дейін спортпен шұғылдануын жеткізуді көздеп отырмыз. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 31,6 пайыз. 
Аймақтардың аяқ алысы жаман емес. Дегенмен, Қостанай, Атырау және Маңғыстау облыстарында спорт мектеп-интернаттары жоқ. Сондықтан оларды салу жұмыстарын кешіктірмей пысықтау қажет. Үкімет басшысының орынабсары осындай тапсырма жүктеді. Ауылдық округтерді спорт нұсқаушысымен қамтамасыз ету мен спорт мектептері оқытушыларының жалақысын екі есе арттыру жұмыстарын бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.
Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары: 
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спорт саласы одан әрі реформалауды қажет етеді. Біріншіден, халықтың бұқаралық және баллардың спортпен айналысу үшін қолжетімділігін арттыру қажет. Биыл спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың санын 34 пайызға жеткізуге тиіспіз. Ол үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту арқылы балаларға арналған тегін спорт секцияларының санын арттыру қажет. 
Бұған қоса, спорт нысандарының материалдық-техникалық жағдайын арттыруға назар аударылуы тиіс. Биыл өңірлерде 43 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады. Бұл спортқа ден қойғандар үшін үлкен мүмкіндік. Бұған қоса Work-out, футбол алаңдары мен басқа да спорт ғимараттары желісін кеңейту тапсырылды. Бұл ретте нысандар жүктемесі 100 пайыз болуы шарт.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу