Алматы қаласының мектептері дәстүрлі форматта оқуға әзір - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласының мектептері дәстүрлі форматта оқуға әзір

12.08.2021

Алматы қаласының мектептері дәстүрлі форматта оқуға әзір. Әрі барлық білім беру ұйымы «Ashyq» жобасына қосылған. Оқу ордалары 1 қыркүйектен бастап жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастайды. Биылғы оқу жылында тағы қандай өзгерістер бар? Оқушы ауырған жағдайда не болады? Жазира Оразқызы толықтырады.

Енді кез келген адам мектепке тек QR-код арқылы кіре алады. Жүйенің оқушыларға қатысы жоқ. «Ashyq» тек ата-аналар мен мектеп ұжымы үшін енгізіліп отыр. Бағдарламаға қосылып, жаңа оқу жылына сақадай-сай отырған білім ошағының бірі - Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясы. Оқу ордасында 2500-ге жуық шәкірт білім алады.

Бақтияр Жарылқап, М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары: 
Ең әуелі балалардың,ұстаздардың қауіпсіздігі үшін. Себебі, бізге келім-кетім көп. Балалардың құжаттарын тапсыру үрдісі жүріп жатыр. Сондықтан да әрбір ата-ана вакцина алған жағдайда «Ashyq» бағдарламасы арқылы кіре алады. Егер тіркелмесе, біздің мекемемізге кіруге рұқсат жоқ.

Оқушыларды қауіпсіз оқыту, індетті таратпау - басты міндет. Мәселен, шәкірттер көп жиналатын орындарға рециркулятор, ал сыныптарда ауаны зарарсыздандыратын дезораторлар орнату жоспарланған. Сондай-ақ бастауыш, орта және жоғары буын балалары үшін мектептерде жеке-жеке кіріп-шығу есіктері болады.

Бейбіткүл Тәжиева, қалалық білім басқармасы жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы: 
Дәстүрлі оқудағы форматқа дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды сақтауға қатысты мектепте баланың басына қандай қауіптер төнуі мүмкін, мысалы, жұқпалы аурудың таралмауының алдын алуға байланысты құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары 100 пайыз жүргізіліп отыр. Және күнделікті ол бақылауда.

Бүгінде Алматы қаласында жалпы білім беретін 287 мектеп бар. Жаңа оқу жылында 1 және 11-сынып аралығында 300 мыңға жуық оқушы тәлім алады. Мектеп табалдырығын 30 мыңнан астам бүлдіршін аттайды.

Айгүл Жақыпбекова, көпбалалы ана: 
Балалар мектепте оқитынына сондай қуанышты. Қанша дегенмен екі жыл қашықтықтан болды. Әрине, балаларымыз мектепті, апайларын, достарын сағынды.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, оқушы ауырған жағдайда сынып қашықтан оқытуға жіберіледі. Сондықтан шаһар билігі ата-аналардың бала қауіпсіздігін ойлап, екпе салдыратынына сенімді.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу