Түркістан облысындағы шекаралас екі ауданның тұрғындары түтінге тұншығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы шекаралас екі ауданның тұрғындары түтінге тұншығып отыр

09.08.2021

Түркістан облысындағы көрші елмен шекаралас екі ауданның тұрғындары көк түтінге тұншығып отыр. Өзбекстанның қоқыс алаңынан будақтаған ыс сол маңдағы бес елді мекен халқының берекесін қашырды. Қолқаны қапқан иістің салдарынан жергілікті жұрт түрлі ауруларға шалдығып жатырмыз деп дабыл қағуда. Әріптесім Айнұр Ақбаева тарқатсын.

Бұл көріністі екі елдің шекарасында орналасқан Алпамыс батыр ауылының тұрғындары түсіріп алған. Көрші елдің күл-қоқыс тастайтын полигонынан күнделікті қалдықтар өртеліп, одан шыққан түтін желмен ауылға кеп жатыр. Қою түтін бүкіл ауылға тарап, маңайдағы 100 метрге дейінгі аралықта түк көрінбей қалатын кездер болады.

Гаухар Жораева, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:
 Үш күн жинаса бір апта өртейді оны. Жақсылап қып-қызыл болып жанады да, оның иісі, түтіні біздің ауылға келеді.
Айзада Ділманова, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:
Есік-терезені жауып жатамыз, соның өзінде ол жәрдем бере алмайды. Үйге кіреді. Құсады балаларымыз осы түтіннен. Бір апталап түтін өшпейді. Жел болса біздің ауылда адам да көрінбей қалады.

Ащы түтіннің иісі ауыл халқының денсаулығына да кері әсерін тигізе бастаған. Оны дәрігерлер де растап отыр. Яғни тұрғындардың арасында жүрек аурулары мен тыныс жолдары асқынған науқастар саны күрт артқан. Бәрінен де балалардың құсу жағдайлары жиілеген.

Тасболат Каримов, Ақжол ауылдық ауруханасының дәрігері:
Тыныс жолымен, қан қысымымен тұрады, инсульт алғандар бар солардың ауруларын қоздыруда. Ақырғы уақытта бізде тыныс алу, жүрек ауру аурулары бізде жиілеп кетті.

Тұрғындар жергілікті билікке талай рет шағымдарын жеткізген. Алайда әкімдіктегілер улы түтіннің көрші мемлекеттің аумағынан келіп жатқандықтан қолдан келер шара жоқ деп қысқа қайырған. Аудан басшылары болса екі жыл бұрын Ташкент ауданының әкімдігімен арнайы кездесулер өткізгенін айтады. Бірақ одан да нәтиже шықпаған. Қоқыс полигоны жекенің қолында екені белгілі болған.

Қоқыс алаңы Ташкенттен 17 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерге тұрмыс қалдықтары Өзбекстан астанасының 4 ауданы және қала маңайындағы бір ауданнан тасымалданатын көрінеді.

Жергілікті билік өкілдері өзекті мәселе тек қос елдің Үкіметі деңгейінде қаралуы тиіс дейді. Себебі, қоқыс алаңын басқа жерге көшіру туралы шешім қабылданбаса, жағдай одан әрі ушығып кетуі мүмкін. Соған қарамастан Келес ауданының жауапты өкілдері жағдайды көзбен көру үшін көрші елге тағы бір мәрте барып қайтуды жоспарлап отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу