Журналист Қалыбек Атжан өмірден өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Журналист Қалыбек Атжан өмірден өтті

09.08.2021

Бүгін - қазақ журналистикасы үшін қаралы күн. Телевизияның қара нары атанып кеткен белгілі журналист Қалыбек Атжан өмірден өтті. Ол 40 жылға жуық уақытын телерадио саласына арнаған. Алғашқы қызметін 1978 жылы «Лениншіл Жас» газетінде бастады. Еңбек жолында 1985 жылы «КСРО телевизиясы мен радиосының үздігі» атты марапатқа ие болған. Одан бері де талай жүлделер мен марапаттарды алды. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше мәрте алғысын алған ерен еңбек иесі.

Бақытжан Советұлы, журналист –жазушы: 
Өмірінің соңына дейін қаламы қолынан түскен жоқ. Әрине оның өзінің жасаған тікелей эфирлері оның жасаған басқа да салиқалы материалдары хабарлары, бізде Алтын қорда сақтаулы. Сондықтан да Қалыбек Атжан, қарымды қаламгер, дүниеден озғанмен ол мәңгі халықтың жүрегінде қалып қойды.

 Қалыбек Атжан журналистиканың дамуына зор үлес қосып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардақты азамат. Оның әрбір сюжетінен ұлттық рух пен туған елге деген жанашырлық байқалып тұратын. «Бізге керегі – халықтың арасында көбірек жүру» деген сөзі де көпшіліктің есінде. Ол осы ұстанымынан еш айныған емес. Елмен етене болып, қашанда халқының сөзін сөйледі.Қазақ телевизиясында «стендап» тәсілін ең алғаш қолданған да Қалыбек Атжан болатын. 1994 жылы, Ташкент қаласында.

Бірнеше облыстық телеарнаны басқарып, Ұлттық арнаның аймақтағы тілшілер қосынына жетекшілік еткен белгілі журналист бүкіл әлемді әуреге салған індеттен көз жұмды. Бүгін туған жері Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданында марқұмның сүйегі жер қойнауына тапсырылады.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу