Маңғыстау облысында бір ғана шаруашылықта 60 жылқы мен 200-ден астам қой-ешкі қырылып қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында бір ғана шаруашылықта 60 жылқы мен 200-ден астам қой-ешкі қырылып қалған

06.08.2021

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында бір ғана шаруашылықта 60 жылқы мен 200-ден астам қой-ешкі қырылып қалған. Жем-шөптен тарыққан қожалыққа ешқандай көмек жетпеген. Жергілікті Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар шаруаларға мал азығын жеткізіп беруге міндетті емеспіз деп отыр.

Аягөз Оралбайқызы, тілші: 
Бұл 1 айдың ішінде өлген жылқылар. Шамамен 30 өлексе жатыр. Бәрі де бір шаруаның малы. Қуаңшылық, жем-шөптің жоқтығы Маңғыстаулық шаруаларды әбден тығырыққа тіреді. Бұлай жалғаса берсе, енді 1 жылда өңірде малдың қоры жойылады деген болжам бар.

Мұнайлы ауданындағы шаруашылық иесі Бердіхан Әленов қыстан бері 60 жылқысынан айрылды. Оның 30 шақтысы соңғы 1 айда қырылып қалған. Одан бөлек, 10- нан астам түйе мен 200-дің үстінде қой-ешкісі өлді. Қалған малдары да көтерем. Шаруа соңғы 2 айда 920 мың теңгеге жем-шөп алған. Бірақ ол 1 айға әрең жетті.

Бердіхан Әленов,  мал шаруашылығының иесі: 
Айтып жатыр сол әкімдіктен жем-шөп беріп жатыр деп мен өзім әлі алғаным жоқ. Алдында жанағы 92 теңгеден арпа берді. 

Шаруалар мал басына берілетін субсидияның мардымсыз екенін айтады. Аймақта жылқы, түйе және сиырға 9143 теңгеден, ұсақ малға 1915 теңгеден бөлген.

Серік Айдаров,  мал шаруашылығының иесі: 
Субсидия береміз деп жатыр 91 теңгеден ол 1 күндік жеміне жетпейді малдың. Қазір келіп жатқандар қымбат бәсіне келіп тұр. 1 мешок жем 2300 теңгеден алып отырық. Бұған дейін 1600-ден болған. 

Ауыл шаруашылық басқармасының мәліметінше, облысқа шілде айында 258 мың түк және 2600 орама шөп жеткізілді. Мал азығы 5 аудандағы шаруаларға бөлініп берілген.

Серік Қалдығұлов, Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: 
Бізде қосымша 2 млрд бөлініп жатыр. Облыс әкімінің қолдауымен бірінші кезекте 600 млн дайын операторлар тағайындап, шөп әкеліп. Бұл енді қорға дайындық әр 5 ауданға бөліп қоямыз.

Шаруалардың айтуынша, дәл осындай қуаңшылық Маңғыстауда осыдан 60 жыл бұрын тіркелген. Ол кезде де мыңдаған мал шығын болды. Ал, биыл жыл басынан бері 1161 түлік аштықтан қырылып қалған. 

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу