Елімізде ауа райы күрт бұзылды

04.11.2019

Кешелі бері еліміздің солтүстік және батыс аймақтарында ауа райы күрт бұзылды. Қостанай облысының Жанкелдин ауданында қалың қар түсіп, боран соқса, Маңғыстау облысында қар аралас жаңбырдың салдарынан 300-ге жуық қой-ешкі қырылып қалған. Ал Ақтөбе аумағында 196 автокөлік жолда қалып қойған.

Қостанай облысының Жанкелдин ауданында ауа райы жексенбі таңертең бұзылған. Мамандар жауған қардың мөлшері 1 мм-ге жеткенін айтады. Бұл тиісті нормадан көп. Секундына 19 метр жылдамдықпен соққан жел ақ түтек боранға айналған. Соның салдарынан мектептерде сабақ тоқтатылған. Алайда жолдар жабылған жоқ. Қатынас қалыпты.

Ал Ақтөбе облысының аумағындағы Самара-Шымкент тас жолы бойында 196 автокөлік жолда қалып қойған. Қаза тапқандар мен үсік шалғандар жоқ. Қазір Қарабұтақ ауданынан Қызылорда облысының аумағына дейін көлік қозғалысы тоқтатылып, 50-ден аса көлік қар құрсауынан шығарылған.

Бұл Маңғыстау облысындағы көрініс. Қызан ауылында бір күнде 300-ге жуық қой-ешкі қырылып қалған. Күн күрт суып, қар аралас жаңбыр жауған кезде өрісте жүрген мал сордағы суға түсіп кеткен.

Нұр-Сұлтан қаласында да бүгін таңертең қар жауып, қала ішінде қарбалас болды. Аймақтарда көліктер жолда қалып жатса, мұнда күннің суығанын пайдаланып қалғысы келгендер кездесті. Мәселен, дөңгелек ауыстырушылар қызмет құнын бір күнде екі есе көтеріп жіберген.

Бағжан Қалдаров, қала тұрғыны:

Бүгін 12 мың деп жатыр. Басқа күндері 5-6 мыңнан ауыстырып жүргенбіз.

Ержігіт Пернебаев, қала тұрғыны:

Жақындай ауданға барайын деп ем, ол жерлерде тіптен кезек. Кейбір жерде 10 көлік.

Синоптиктердің болжамынша, батыстан басталған суық атмосфералық фронттар мен белсенді циклон алдағы тәулікте еліміздің оңтүстік-шығыс аумағына қарай ауысады. Осы аймақта екпінді жел соғып, бұрқасын болуы мүмкін.

Алуа Саханова, «Казгидромет» РМК ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы:

5-ші қарашада Жамбыл, Алматы облыстары бойынша жауын-шашын күтіледі. Жаңбырдың соңы қарға ұласады.

«Осындай күн райы 7 қарашаға дейін сақталады»,-дейді мамандар. Еліміздің барлық аймағында температура 0 градустан төмендейді. Көктайғақ пен тұман болады. Сондықтан синоптиктер көлікпен жолға шықпауды, сондай-ақ, көшеде жүргенде абай болуды ескертеді.

Аманкелді СЕЙТХАН


Хабарламаларға жазылу