СҚО-дағы ауыл халқы малын арзанға сатуға мәжбүр
Солтүстік Қазақстандағы Есіл ауданына қарасты Бірлік ауылының халқы малын арзанға сатуға мәжбүр.Биылғы қуаңшылықтың кесірінен жем-шөптен тарығып отырған елдімекен жұрты енді жайылымынан айрылды. Ауыл іргесіндегі жер жекенің қолына өтіп кеткен.
Бірер күн бұрын «Нан-тілеп» серіктестігінің техникасы ауыл іргесіндегі жерді жыртуға кіріскен. Жергілікті әкімнің айтуынша, биыл аумағы белгіленіп жатыр. Келер жылдан бастап шаруа қожалығы учаскені өз мақсатына пайдаланбақ. Жер телімі 2019 жылы жекенің қолына өтіп кеткен.
Ауыл тұрғындары мұндай шешімнен бейхабар болып шықты. Ал аудандық әкімдіктің жайылым ретінде ұсынып отырған жері құнарсыз, ащы ерменнен басқа ештеңе өспейді.
Сәрсембай Жәнет өткен жылы Қытайдан қоныс аударған. Мал өсірмек мақсатта 2 млн теңгеге қоршау орнатқан. Бір үйір жылқысы бар. Жемді былай қойғанда шөптің өзін сатып алу үшін кемінде 800 мың теңге қажет.
Сәрсембай Жәнет, ауыл тұрғыны:Қымыз сатып үш баланы асырап жатырмыз. Негізі қолға шөп сап, қамап қойғанбыз. Өріске қоя бере алмаймыз. Өріске қоя берсек, егінге барып түседі. Егін мына тұрған жерде, іргемізде. Сол енді қиыншылық.
Екі жыл бұрын ешкі басын көбейтемін деп шаруашылық ашқан Асқар Мұхаметқанұлы малға азық таппаған соң амалсыздан шетінен сатып жатыр.
Асқар Мұхаметқанұлы, ауыл тұрғыны:Екі жігіт бірлесіп біз ешкі өсіргенбіз, біз ойлағанымызда мыңға шейін жеткіземіз деп өсіргеміз. Содан былтыр да шөп осылай қыс болды. Көктемде ол жігіт 70 бастай ешкісін сатып жіберді. Содан менің өзімде қалды 130 бас бар. Негізі жайылым да тар, мына жақта да сатылып кеткен. Ауылдың басы да сатылып кеткен.
Ал Нұрғожа Құрманғали қысқы мал азығын дайындау үшін күніне 10 шақырым жерден екі арба шөп әкеледі. Несиеге алған сиырларының бірнешеуін әлден 15-20 пайызға арзан арзанға сатуға мәжбүр.
Жайылымынан айрылған жұртқа жергілікті атқамінерлерден көмек жоқ. Бар болғаны- серіктестіктің жұмысы уақытша тоқтатылып отыр.
Медет Оспанов, аудан әкімі:Болашақта ол жерге шөп екпекші болған, шаруашылық. Бүгінгі күні жұмыстары тоқтатылды. Себебі мал бағатын жер кішкене тапшы болғанына байланысты, халықтың малы жүру үшін сол жер қаралды. Тек қана шекарасы анықталып қойылды.
Ауыл тұрғындарына қорадағы малын сатудан басқа шара жоқ. Оның өзінде күйсіз мал өтпей жатыр.
Эльмира Кәленова
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
