Ауыр жүк көліктері айлаға басып, айыппұлдан жалтарып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыр жүк көліктері айлаға басып, айыппұлдан жалтарып жүр

03.08.2021

Алдын алмаса ауыр жүк көліктері ауыл-аймақтың тас жолын талқандап тастайды. Елорда маңындағы Талапкер ауданының тұрғындары шағымын жеткізді. Құрылыс материалын тиеген техникалар қулыққа басып, құзырлы органдардың құрығынан құтылып кетіп жатыр.

Нысаналы Ығыл, тілші:
Ауыр жүк техникаларын тізгіндегендер тонналап тасысада алшаң басып мына электронды таразыдан өте шығады. Олар айыппұл төлемеудің амалын тапқан. Әдістері қарапайым.

Бұл Алматы – Екатеринбург күрежолы. Елорданың іргесіндегі ауылдарды қиып өтеді. Онда карьер көп. Құм, тас тиеген жүк көліктері күнде іркес-тіркес. Бірақ, бәрі бірдей талапқа бағынбайды.

Міне, шамадан тыс жүк тиегендер осылай өлшеу құралына жетпей нөмірін бүркемелейді. Ал, негізі бұл техниканың жалпы салмағы 25 тоннадан аспауы керек. Әйтпесе, 116 мыңнан бастап 2 млн 900 мыңға дейін айыппұл арқалайды. Содан жалтару үшін түрлі айла-амалға барады.

Елде 465 мың ауыр жүк көлігі бар. Тек 24 мыңы тексерілді. 30 пайызынан 11 мың заң бұзушылық анықталған. Соның 3220 дерегі – артық жүк артқандар. Оларға 234 млн теңге айыппұл салынды. Иә, көрсеткіш көңіл көншітпейді. Өйткені, инспекторлар бақылау жүргізіп үлгермейді. Әр бекетке 7 мың шақырым тиесілі. Жалпы 110 мың км/ге тексеріс керек. Оның үстіне бұған дейін өлшеу құралдарын айналып өткен немесе нөмірін жасырған жүргізушілерге жаза жоқ еді. Енді, салмақты шамадан асыру айыбына теңестіру ұсынылды.

Қуаныш Ермұқанов, Көлік комитеті ахуалдық орталығының басшысы:
Тіркеу нөмірін бүркемелеп өткен тасымалдаушы бүркемелеп жүріп өткені үшін және шамадан тыс жүкті артып өткені үшін 2 айыппұл қарастырылады.

Тасымалдаушы ғана емес жүкті тиегендер де, яғни карьер басындағылар да жауапқа тартылады. Оларға 580 мың теңге айып салынады. Бірақ, одан тартынатын түрі жоқ сияқты. Айласын асырып, айылын жимағандарды қақпанға түсірудің басқаша жолы керек,-дейді көпшілік.

 Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу