Шымкентте шілде айында бір ғана ауруханада 35 адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Дельта штамы тіркелгелі індетке шалдыққандардың саны 7,5 есе көбейді. Ал, жыл басынан бері шаһарда 405 науқас көз жұмған. Соңғы тәулікте вирус жұқтырғандардың саны 600-ден асып кетті, жағдай бұдан әрі ушықса, ауруханада орын қалмайды деп алаңдаулы дәрігерлер.
Шымкент қаласындағы №2 аурухана 350 адамға лайықталған, қазір мұнда бірде бір орын жоқ. 52 адам жансақтау бөліміне жатыр. Аурухана төсегіне таңылған науқастар алдын ала сақтанбағанына өкінеді.
Аңдамай жүріп ауру жұқтырғандардың тағы бірі Гүлзейнеп Елғонова. 70-ті алқымдаған батыр ана ұят болмасын деп той жиыннан қалмадым дейді. Ақыры індетке шалдыққан.
Гүлзейнеп Елғонова, науқас:Не болғанын түсінбей қалдым, әйтеуір ішек қарным ақтарылып кетті ма, сондай бірдеңе болып кетті.
Шаһардағы өзге ауруханаларда да осындай жағдай. Маусым айында 1489 адам вирус жұқтырса, шілдедедегі жағдай ушықты, 11 мыңнан астам адам індетке шалдыққан. Жансақтау бөлімдерінде 381 адам ем қабылдаса, тағы 2400 науқас арнайы бөлімшелерге жатқызылған.
Асқар Рахматәлиев, Шымкент қалалық №2 ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:Соңғы бір жұманың ішінде өте күрт ауыр түрде келіп жатыр науқастар. Ол науқастар көбінесе үйінде емделгендер. 4-5 күн аптеканың процедурный кабинетіне барып жүргендер. Екі түрлі антибиотик алған науқастар ауыр хәлде келіп жатыр. Күніне 4-5 науқастар өмірден қайтып жатыр.
Қала билігі ауруханадағы төсек орын санын күнделікті көбейткенімен жағдай түзелер емес дейді. Себебі, науқастар сағат сайын түсуде. Сондықтан апта соңына дейін тағы 980 төсек орнын қосылмақ. Жалпы соңғы тәулікте COVID-19 инфекциясын 575 адам жұқтырған. Шілденің өзінде бір ауруханада 35 адам қайтыс болған.
Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары:Өткен аптада біз 600 адамға төсек орын ашқанбыз, қайта толып қалды. Қазір енді қада төсек орындар ашамыз деп ойланып отырмыз. Жағдайды көріп тұрсыздар, өте ауыр. Бұл жерде жүз пайыз толып тұр. Бізде 6 реанимация болған, оны 30-ға көтердік. Қазір 55-ке көтердік.
Коронавирусты жұқтырмаудың жалғыз жолы екпе дейді дәрігерлер. Қазір қалада 45 пункт бар, онда вакцинаның алғашқы компонентін 371 мың ал, 2 – ші компоненті 279 мың тұрғын салдырған. Дегенмен соңғы 4 күнде індет жұқтыру тағы көбейді, жедел медициналық шақырулар саны екі жарым мыңнан азаймай тұр.
Айнұр Ақбаева