Алматы облысында 71 ауылдық округте әкімдер сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 71 ауылдық округте әкімдер сайланды

25.07.2021

Алматы облысы бойынша 71 ауылдық округте тұрғындар өз таңдауын жасады. Саяси додаға түскен 238 үміткердің 154-і өзін-өзі ұсынғандар. Өңір бойынша 220 мыңнан аса дауыс берушілер тіркелген. 200-ге жуық сайлау учаскелерінде таңдау жасалды. 

Талғар ауданының тұрғындары күннің ыстық болғанына қарамастан дауыс беруге таңнан белсенді қатысты. 40 мыңнан аса сайлаушы тіркелген аймақта 23 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Өз таңдауларын жасауға келген тұрғындар бұл саяси науқанға үлкен үмітпен қарайтынын айтты.

Әсем Серікқызы, Талғар ауданының тұрғыны:
Керемет көңіл-күймен, қуанышпен келіп отырмын. Осы үрдіс ары қарай жалғасын таба берсін деген үміттемін.
Бақтыбек Амантайұлы, Талғар ауданының тұрғыны:
Халықтың өзі сайлаған әкімдерін таңдау бұл бір үлкен өзгеріс, үлкен бет бұрыс деп ойлаймын. Және өзім осыдан бір үлкен үміт күтемін. Осыны өзім қолдаймын. Және бүгін өзім де келіп дауыс беріп отырмын.

Іле ауданындағы Чапай ауылдық округінде 6 жарым мыңнан аса сайлаушы бар. Әкім лауазымына 4 кандидат тіркелген. Үміткерлер үгіт-насихат кезінде ауылдардағы жол, су және жастарды жұмыспен қамту сынды өзекті мәселелерді оңтайлы шешіп, әлеуметтің әлеуетін көтеруді басты назарға алған. Барлық сайлау учаскелерінде карантиндік сақтық шаралары қатаң сақталды.

Махамбет Мұқажанов, №414 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы:
Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, санитарлық нормаларды сақтай отырып, сайлаушыларды қабылдап жатырмыз. Талаптар бұзылған жоқ. Барлығы өз деңгейінде өтті.

Қарасай ауданындағы 18 мыңға жуық халқы бар Елтай ауылдық округінде де саяси науқан тартысты өтті. Дауыс берушілер бұл саяси реформа дер кезінде қолға алынғанын айтып, жақсы үрдіске балап отыр.

Амантай Қалдыбайұлы, Қарасай ауданының тұрғыны:
Халықтың өзіне қойып, өзіне керекті адамды сайлап жатыр. Өте дұрыс деп ойлаймын.Себебі, әр ауылдан шыққан адам өзінің ауылына көңіл бөледі.Отбасымызбен келіп, сайлауға қатысып, өзіміз сайлап, сайлау өзімізге қойылып жатыр қазір осы заманда.
Жалдыбай Жортабаев, Қарасай ауданының тұрғыны:
Дұрыс сайлап жатырмыз деп ойлаймын. Себебі халық өзінің мүддесіне, жағдайына, өзінің жаңағы келешек болашағына ойлап келіп отырмыз бәріміз, бала-шағамызбен.

Ресми деректерге сүйенсек, тіркелген кандидаттардың 84 проценті ер азаматтар, қалғаны - әйелдер. Олардың орташа жасы қырықта. Тұрғындармен қатар сарапшылар да бұл саяси науқаннан үлкен өзгеріс күтіп отыр.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу