Түркиялықтар Құрбан айтта 9 күн демалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиялықтар Құрбан айтта 9 күн демалады

19.07.2021

Биылғы Құрбан айт мерекесінде түркиялықтар 9 күн демалатын болды. Тиісті жарлыққа ел президенті қол қойды. Құрбан айтқа арналған демалыс күндері шілденің 17-сі мен 25-і аралығында бекітілді. Ал айт намазы тазалық талаптарын сақтай отырып елдің барлық мешіттерінде оқылады. Құрбан малын шалу онлайн немесе арнайы бекітілген орында ғана рұқсат етілген. Елдің Денсаулық сақтау министрі мейрам күндері де сақтық шараларын ұмытпау қажеттігін айтты. Әсіресе жабық алаңдарда топтасып жиналмау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ тұрғындардың бір-біріне айттап баруын шектеп, маскасыз көшеге шықпау керектігін де еске салды.

Фахреттин Қожа, Түркияның денсаулық сақтау министрі:
Артып келе жатқан коронавирустың түрлі варианттарына қарсы вакцинадан бөлек тағы бір қаруымыз - сақтық шаралары. Егер оларды сақтасақ вирустан да қорғанамыз. Сағына күткен құрбан айт мейрамында осы сақтықты ұмытпайық. Жабық және ауа алмаспайтын ғимраттарда топталмаңыздар. Мейрам тойлаймыз деп өзімізге де жақындарымызға да зиян тигізіп алмайық.

Қазір Түркияда вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін екпенің бірінші компонентін 63 млннан аса адам алған. Ал екінші дозасын алғандар 21 млнға жуық. Дегенмен соңғы күндері вирус жұқтырғандар қатары артып барады. Кейінгі күндері коронавирус анықталғандар саны бір тәулікте 7 мыңнан асты. Мамандар әсіресе Дельта штамының көбейіп кеткенін айтады. Егер жағдай оңалмаса халықты вакцина алуға мәжбүрлеуіміз де мүмкін деді Денсаулық сақтау министрлігі.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу