Түркістан облысында қатты желден қираған спорт алаңы жөнделмей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қатты желден қираған спорт алаңы жөнделмей тұр

16.07.2021

Желге ұшқан ақша, жанашыры жоқ спорт. Түркістан облысы орталығы Шаян ауылындағы спорт алаңы желден қирағанына 4 ай болды. Әлі күнге не әкімдік, не спорт басқармасы бүлінген дүниенің бір шегесін түзеткен жоқ. Бір біріне сілтеп, жасырынбақ ойнап отыр.

Спортпен ұдайы шұғылданып келген Бидайбек Балқыбек наурыз айынан бері жаттығу алаңына келе алмай жүр. Өйткені төңіректің бәрі қирап жатыр. Таң қылаң бере осы жерден табылатын спорт құмар біраз қария да үйінен шықпайтын болды.

Бидайбек Балқыбек, ауыл тұрғыны:
Осы күнге дейін аяқ добын ойнаймыз. Енді мына жерде қалай ойнайсың? Ойнамақ түгіл ішіне кірудің өзі қауіпті. Анау құлайын деп тұр. Арасында жүрсең астында қаласың.

Бәйдібек ауданыда биыл ерте көктемде аязды күні жаңбыр жауып, төңірек мұздаққа айналды. Артынша алай-дүлей жел болып, спорт алаңшасының темірлерін түбімен қопарып кеткен. Содан бері бүлінген дүниеге жаны ашыған ешкім болмады.

Бақытжан Жұмаділлаев, ауыл тұрғыны:
Іздеуі жоқ, сұрайы жоқ спорт болып отыр. Бар дүние міне, мынадай боп жатыр. Облыс басшылары келіп ауылдағы спорт жағдайын өздері көрсе ауылда көп үміт күтетін жастар бар, шығады.

Құрамында жүзу бассейні, бірнеше футбол алаңы, орталық стадионы бар кешен 2017 жылы демеушілер қаржысына салынған болатын. Бұл істі өздері бастап, кейіннен нысанға иелік еткен аудан әкімдігі биыл жыл басында оны облыстық спорт басқармасының меншігіне өткізген. Соны алға тартып, енді көз алдында қирап жатқан дүниені түзетуге құлықсыз.

Берік Тұрлыбеков, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары:
Қазіргі таңда Бәйдібек ауданы әкімінің, аудандық денешынықтыру және спорт мектебінің меншігінде емес. Біз оны қайта қалпына келтіруге, күтіп ұстауға қаржы қарай алмаймыз.

Спорт басқармасындағылар бұл жәйттен тіптен бейхабар болып шықты. Мән-жайды енді естіп біліп, комиссия жасақтауға кірісті.

Жазира Мүслімова, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасыны бөлім басшысы:
Тиісті комиссия жұмыс атқаратын болады. Оған қанша қаржы қажет екенін анықтау керек. Содан соң жергілікті немесе облыстық бюджеттен қаржы бөлінетін болады.

Кешен 10 мыңға тарта тұрғыны бар Шаян ауылындағы жалғыз спорт алаңы. Бір шеті қирап, екінші жағы шөбі шүйгін шабындыққа айналған орталық самбо мен күрестен әлем чемпиондары шыққан аймақта бұқаралық спорттың дамуына тұсау болып тұрған жайы бар.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу