Павлодар облысының 9 ауданында төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысының 9 ауданында төтенше жағдай жарияланды

20.11.2023

Дүлей дауыл салдарын жою мақсатында Павлодар облысының 9 ауданында төтенше жағдай жарияланды. Мұндай шара Қарағанды өңірінде де енгізілуі мүмкін. Айта кетейік, өткен сенбі күні еліміздің басым бөлігінде қар аралас жаңбыр жауып, қатты дауыл тұрған. Бірқатар аймақтағы жүздеген ауыл электр энергиясыз қалып, көптеген ғимараттар мен тұрғын үйлердің шатыры құлаған. 

Павлодар облысындағы сауда үйінің қатты дауылдан шатыры ұшып, ғимараттың қасбеті бүлінген. Жалпы өткен сенбі күні аймақта желдің рекордтық жылдамдығы тіркелді. Секундына 37 метр. Қазіргі таңда аймақтағы 28 елдімекенде электр жарығы жоқ. 183 нысанның шатырын жел жұлып әкеткен. Оның 90-нан астамы әлеуметтік мекемелер. Әзірге желден келген шығын көлемі есептеліп жатыр.

Серік Батырғожинов, Павлодар облысы әкімінің 1-ші орынбасары:

Медицина саласы 100 млн-нан асады, спорт саласы 50 млн ға жақын. Ал, мәдениет саласында 200 млн ға жақын. Ал, ең көбі бізде білім саласы. Мектептер көбі.

Қарағанды облысында да төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Аймақта қатты дауылдан 114 тұрғын үй мен ғимараттардың шатыры мен қабырға қаптамалары зақымданған. Қазір электр қуатынсыз қалған 11 елді-мекеннің барлығына түгел жарық берілді.

Ал Ақмола облысында қатты желден жарықсыз қалған 50-ге жуық ауылға электр энергиясы берілді. Қазір аймақта дауыл басылған. Айта кетейік, өткен сенбі күні Зеренді ауданында 8 мыңға жуық абонент жарықсыз қалып, Көкшетау, Қосшы қалаларында да электр сымдары үзілген. Көктайғақтан бірнеше адам зардап шегіп, ауруханаларға түскен.

Астана қаласында да желдің күштілігінен ғимараттардың шатыры құлап, жақын жердегі көліктерді зақымдаған. Бірнеше адам ауруханаға да түскен. Жалпы синоптиктер еліміздің бас бөлігіне тұман түсіп, жел екпіні күшейеді деп болжап отыр.


Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу