Қостанай облысында шөп бағасы шарықтап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында шөп бағасы шарықтап барады

14.07.2021

Қостанай облысында биыл шөптің шығымы төмен. Гектарына 4 центнерге де жетпейді. Соның кесірінен бағасы да шарықтап барады. Қазірдің өзінде шөптің тоннасын алыпсатарлар 40-50 мың теңгеден саудалап жатыр. Өңірде мал азығының тапшылығы туындамай ма? Бағаны ауыздықтаудың амалы бар ма? Дәуренбек Әбдібек жауап іздеді.

Қостанай ауданына қарасты Айсары ауылының тұрғыны Әбдір Айтжанов алты бұзаулы сиыр ұстайды. Күнделікті сауған сүтті саудалап пұл қылады. Былтыр шөптің бір тіркемесін 30-35 мың теңгеден алыпты. Биыл қуаңшылықтың салдарынан баға екі есеге жуық қымбаттап кеткен. Қария енді қолындағы оншақты қараға жеткілікті етіп шөп алуға шамам жетпей ме деп алаңдайды.

Әбдір Айтжанов, Айсары ауылының тұрғыны:
Ала алмасам мал қырылады. Сатайын десем өтпейді. Бәрінде шөп жоқ, бәрі малды алғысы келмейді. Сойып сатайын десең де алмайды, арық қазір мал.

Ал шөп шауып жатқан шаруалар «Ауылды арзан азықпен қамтамасыз етпек түгілі өзімізге қажетін жинап алсақ сол» дейді. Мүлде шөп шықпаған шабындықтар бар. Сондықтан амал жоқ жол жиегі мен сай-саланы қуалап шабуға тура келеді.

Тоғайбай Шәкірбаев, шаруа:
Жылда сататын едік. Биыл білмеймін. Міне шілденің ортасы болды, қай кезде сатасың? Өзімізге дайындап алсақ сол. Маған қырық тіркеме шөп керек. Оны қай кезде дайындап боламын белгісіз.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Қостанайдың кіреберісінде мынадай шөп сататын жүк көліктері қазірдің өзінде қаптап тұр. Мысалы біреуінің салмағы 300 келі тартатын мынадай рулонның бағасы 12 мың теңге, ал 15-17 келі тартатын тюктелгені 700-800 теңгедан басталады.

Нұрсұлтан Қабделов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Шілде айында ауыл шаруашылығы жануарларының азығын арзандатуға жергілікті бюджеттен 1,9 млдр теңге бөлу жоспарланған. Жем-шөп дайындаудың барлық мәселелері тұрақты бақылауда.

Мемлекеттің көмегін алу үшін шаруалар электронды өтінім беруге тиіс. Соған сәйкес әрбір сиырға 15 мың, жылқыға 10 мың, ұсақ малға 2 жарым мың теңге субсидия беріледі. Бірақ оның бағаға әсер етуі екіталай. Облыста қысқы маусымға барлығы 1 млн тоннадан артық мал азығы қажет болса қазір соның 44 пайызы ғана дайындалған.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу