Орал өңірінде қуаңшылыққа байланысты шөп бағасы шарықтап тұр

18.09.2020

Орал өңірінде шөп бағасы күйіп тұр. Кейбір аудандарда бір орамасы 8-ден 10 мың теңгеге дейін көтерілген. Себеп- қуаңшылық. Жаз бойы өңірде жарытып жаңбыр жаумаған. Ал мұның салдарынан шаруалар жапа шегуде. 

Нұрболат Жұбаевтың бар техникасы біраздан бері қаңтарулы. Өйткені жүздеген гектар шабындықтан шалғы салар шөп табылмады. Шарасыздан қуарған қоға мен қамысты шапты. Ол да қысқа қажет мал азығының үштен бірі ғана. Енді төрт түлікті сатуға тура келеді, - дейді фермер. 

Нұрболат Жұбаев, фермер: 

- Малды қуаңшылыққа байланысты азайтайын деп отырмыз. Мал шаруашылығын қалай өркендетуге болады сол жағы бізге бұлыңғыр болып тұр. 

Ақылбек Сағитов өзекті мәселені өзінше шешуде. Тракторлары мен жүк көліктерін жұмылдырып шөпті 300 шақырым шалғайдан тасуда. Бұл қып-қызыл шығын болғанымен, басқа амалы жоқ. Бастысы жылдар бойы жинаған малын қыстан аман алып шығу керек. 

Қазір облыстың оңтүстік аудандарында шөп бағасы шарықтап тұр. Былтыр 5 мың теңгеден аспаған орама шөп, биыл 8-10 мыңның төңірегінде. Әсіресе Қазталов, Ақжайық, Жаңақала, Бәйтерек және Бөкей ордасында жағдай мәз емес. Осыған орай жауапты мекемелер түйінді мәселенің шешу жолдарын қарастыруда. 

Нұргүл Мұқанова, Ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы: 

- Басқа аудандардан шөп сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Яғни Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау және Тасқала аудандарынан шөп сатып алынды. 18 мың 300 тонна.

Қазір облыста былтырғы шөпті есептемегенде мал азығының 60 пайызы дайындалған. Енді бірер айдан соң қыс басталатынан ескерсек, бұл көңіл көншітпейтін көрсеткіш. 

Рауан Диәли


Хабарламаларға жазылу