Тараздағы 4 млрд теңгеге тұрғызылуы тиіс коттедждер қалашығының құрылысы аяқсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздағы 4 млрд теңгеге тұрғызылуы тиіс коттедждер қалашығының құрылысы аяқсыз қалды

12.07.2021

Таразда тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешеді деген ірі жоба аяқыз қалды. 4 млрд теңгеге тұрғызылуы тиіс 200 ден астам коттеджі қалашықтың құрылысы жартысына жетпей тоқтап тұр. Тіпті , біркелкі қасбеттегі үйлердің инфрақұрылымы да тартылып қойған. Алайда қараусыз қалған қалашықтағы баспаналар қазір тонала бастады. Сәбит Әлдебай мәселені анықтап көрді.

Бірнеше жылдан бері салынып жатқан біркелкі баспаналар осы. Жоба бойынша Сүлейменов көшесінің бойынан 22 гектар аумаққа 255 таунхаус тұрғызылуы тиіс болатын. Талайларға баспана болады деген таңғажайып қалашық қазір ұры-қарының мекеніне айналған.

Сәбит Әлдебай, тілші:
Қазір, кәріз құбырының қақпақтары ұрланып, су мен жарық жабдықтары бүлінген. Тұрғындардың сөзінше жуырда жылу мен газ құрылғылары да қолды болыпты. Байқасаңыздар иесі жоқ жаңа үйлердің есіктері бұзыла бастаған.

Коттеджі қалашық толық аяқталмайтын түрі бар. Тұрғындар болса қомақты қаражат нәтижесіз жобаға қор болды деп қапалы.

Исламбек Дастан, Тараз тұрғыны:
Мемлекеттің бәленбай млрд ақшасы осы жердегі инфраструктураға кетеді да, бұлар әшейін тұрып қалады. Газдың құбырлары құлап жатыр, суды алатын құдықтардың барлығы түсіп жатыр.
Жасұлан Лесбекұлы, Тараз тұрғыны:
Коттежді қалашық дейді, қалашық үш жыл болды азып, тозып жатыр. Ел пәтер таппай жүр, анау пәтеріңіз анау жерде жатыр. Тоналып жатыр, обал.

Әкімдік болса, құрылыс материалдары қымбаттап кеткендіктен жоба тоқтады дейді. Айтуларынша, жұмысты атқаруы тиіс мердігерлер шығын өзін -өзі ақтамайтын болғандықтан құрылысты аяқтаудан бас тартқан.

Асхат Есеналиев, қала әкімінің орынбасары:
Материалдың қымбаттығын айтып, бағаны көтеріп беру туралы бізге ұсыныс жасаған. Бұл бойынша біз былтырғы жылы құрылыс жұмыстары комитетіне хат жазғанбыз. «Осындай-осындай мына бізге 160 мыңнан ғып бекітіп беріңіздер. Сол жағдайда мердігерлер салатын болады» деп. Бүгінгі таңға бұл мәселе шешілген жоқ.

Қазір қалашықта бар-жоғы 20 таунхаус өз иесін тапқан. Мамандар алқапта тағы 26 үй 600 млн теңгеге соғылады, ары қарай жоба жалғаспайды деп кесіп айтты. Жергілікті билік бос қалатын жер телімдерін кезектегі тұрғындарға таратып беруді көздеп отыр. .

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу