Соңғы аптада сырқаттану көрсеткіші 2 есе артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы аптада сырқаттану көрсеткіші 2 есе артқан

08.07.2021

Енді эпидахуалға ойыссақ.. Елімізде «Дельта» штамының таралуы күрт өсті. Ресми мәліметке сай соңғы аптада сырқаттану көрсеткіші 2 есе жуық артқан. Ел бойынша ауруханалардағы төсек орындардың жүктемесі 37 пайызға жеткен. Жан сақтау бөліміндегі орындардың толымдылығы 32 пайыз. Егер бұл көрсеткіш 70-процентке жетсе елде карантин күшеюі бек мүмкін.

Соңғы бірнеше аптада Қазақстанда екпе салу қарқыны артқан. Күніне 80-100 мың адам вакцина салдыруда. Бұл қарқынмен ай сайын 2 миллион адамды екпемен қамтуға болады. Барлық егу пункттерінде жеткілікті доза бар. Дегенмен кей қалаларда Коронавак пен Хаят вактің тапшылығы сезіледі. Екпенің тап осы түрлеріне тұрғындардың сұранысы жоғары.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
Біз оны шектеулі көлемде Қазақстанға жеткізгенбіз. Ең басынан бастап біз барлық вакциналарды дәл ортасынан бөліп, жартысын бірінші компонентіне екіншісін екінші компонентіне сақтап отырмыз. Жалпы вакциналарды бір мезгілдік келісімшартпен алып келгенбіз. Қазір келіссөздер жүргізілген. Біз сол мерзімін белгілеуге тырысамыз.

Вакцинаға сенбейтіндер әлі де бар. Қазір екпе салдырмай жалған паспорт жасағандарға қатысты 4 қылмыстық іс қозғалған. Министрлік өкілдері олар алдымен өзі нің және жақындарының өмірін тәуекелге тігетінін айтып отыр. Кейін ауру жұқтырса халықтың екпеге және денсаулық сақтау саласына деген күмәнін арттырады деді. Себебі деректер базасында олар екпе алып, кейін ауру жұқтырған санатқа жатқызылады. Ал, қауіпті індеттің беті әлі қайтар емес. Тіпті келер айда төртінші толқын шарықтау шегіне жетуі мүмкін деді бірінші вице-министр.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
Келесі айдың ішінде науқастардың саны көбейеді деп есептеп отыр. Оның саны қазіргі жағдайдан писимистік дейміз ғой болжаммен екі есеге дейін көбеюі мүмкін.

Аурудың таралу қаупі өскендіктен кей саланың қызметкерелері міндетті вакцинадан өткізілетін болды. Екпе салдырмаған жағдайда апта сайын ПТР тест тапсырып тұруы керек болады. Яғни халық алдына тегін екпе салдыру немесе апта сайын ақылы тесттен өту таңдауы қойылып отыр.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:
Вакцинация кепілдендірілген тегін медициналық көмектің ішінде бар. Яғни ол кез келген жағдайда тегін жасалады. Ал ПТР тестілеу белгілі 12 топқа жатқызылатын адамдарға ғана тегін жасалады. Өзгелерді тестілеуден өткізу үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылмайды.

Соңғы уақытта балалар арасында да коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны артуда. Жыл басынан бері 82 мыңдай бала ауырған. Дегенмен басым бөлігінде ауру симптомсыз немесе жеңіл түрде өтеді. Оларды індеттен қорғау үшін ұжымдық иммунитет қалыптастырып, ересектер толық екпе алуы керек деді министрлік өкілдері.

Оңғар Алпысбайұлы 


Хабарламаларға жазылу