Президент Олимпиадаға қатысатын Қазақстан құрамасымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Олимпиадаға қатысатын Қазақстан құрамасымен кездесті

02.07.2021

Мемлекет басшысы олимпиадаға қатысатын ұлттық құрама мүшелерімен кездесті. 4 жыл сайын өтетін дүбірлі дода пандемияға байланысты алғаш рет бес жылдан кейін болмақ. Сондықтан да маңызы бұрынғыдан зор. Сол себепті, Қасым-Жомарт Тоқаев жарыста ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тіледі.

Байрақты бәсекенің алдындағы жауапты жиын Елордада өтті. Алдымен, құрамамыздың Токиоға киіп баратын спорттық формасы таныстырылды. Кездесуге спортшылардың негізгі бөлігі Алматы облысындағы «Ақбұлақ» орталығынан телекөпір арқылы қатысты. Өйткені, олар Токиоға аттанар алдындағы соңғы жаттығуын сонда өткізіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Аса күрделі кезеңде Токиода жағылатын Олимпиада алауын бүкіл адамзат үшін жаһандық індетпен күрестің символы деп бағалауда. Ұлы даланың ұрандары күншығыс еліне халқымыздың зор сенімін арқалап бара жатыр. Біздің спотшыларымыз байрақты бәсекеден жүлдесіз оралған емес. Енді әйгілі спортшыларымыздың ізін басатын, жолын жалғастыратын сіздер тынбай тер төгіп, әлемдік додаға жолдама алдыңыздар.

Бұл еліміз Тәуелсіздік алғалы спортшыларымыз қатысатын 7-ші олимпиада. Осы уақытқа дейін Олимпиаданың 16 жеңімпазы, 71 жүлдегері шықты. Олимп шыңын бағындырған азаматтар мыңдаған жастың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына себеп болды.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Егемендік жылдарында елімізде 100-ден жүзден астам ірі спорт кешені бой көтерді. Оның 16-сы халықаралық деңгейдегі нысандар. Мемлекетіміз спортшы жастарға әрдайым қолдау көрсетеді.  Ауыл-аймақтарда түршлі спорт алаңдары салынып, үйірмелер ашылуда. Ауылда спортпен айналысатын балалар көбейіп жатыр. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Бәріңіз осы жауапкершілікті сезініп, ел намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз.

Спортшыларға зор сенім артқан Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Туды алғаш рет екі азаматқа қатар тапсырды. Олар Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев.

Қамшыбек Қоңқабаев, Бокстан Қазақстан құрама командасының капитаны:
Еліміздің Туын алу – үлкен абырой, зор жауапкершілік. Біз тәуелсіз Қазақстанның спорт мектебінде қалыптасып шыңдалдық. Енді егемен елдің мерейін 

Ұлттық құрамамыз Токиода 33 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Қоржында 96 лицензия бар. Мемлекет басшысы спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп, спорт державалары арасында ел беделін көтеретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, атлеттердің әрбір жеңісінің артында жаттықтырушылардың еңбегі тұрғанын ерекше атап өтті.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу