Ақмола облысында ежелгі металлургия өндірісінің орны табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында ежелгі металлургия өндірісінің орны табылды

28.06.2021

 Ақмола облысында ежелгі металлургия өндірісінің орны табылды. Зеренді ауданындағы Қошқарбай қонысында анықталған пештерде қола дәуірінде металл өңделген. Зерттеушілер бұл орынды кездейсоқ тапқан. Енді оны зерттеу қажет. Тақырыпты Ермек Елберген жалғайды.

Ермек Елберген, тілші: 
Мына шұңқырдың орнында пеш болған. Мамандар бұл жерде үлкен өндіріс болған деген болжам айтуда. Оған осындай пештердің, ойықтардың қаз-қатар, бірінен соң бірі тізіліп тұруы дәлел.

Ал қола дәуірінің пештері шағын болған. Мамандардың айтуынша, диаметрі 70-80 сантиметрлік мына орындар - металл балқыту пештерінің қалдықтары. Ал үлкен шұңқырлар кейін пайда болған. Онда пештің қабырғалары сақталып қалған.

Қуаныш Шақшақов, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры: 
Бұл жерде қола дәуірінің де 20-ға тарта пеші бар. Біздің ойымызша, бұл тек қана бір дәуірге тиесілі емес, қола дәуіріне. Бұл қола дәуірінде де, ерте темір дәуірінде де, ортағасырлық кезінде де осы жер кең балқыту, бір керемет ежелгі металлургияның орны болды деп есептейміз.

Мұнда қыздырылған тастардың қалдықтары, қырғыш заттар бар. Бұл пештер жақында ғана анықталған. Сондықтан әлі қазба жұмыстары толық жүргізілмеген. Ол үшін қаржы қажет. Ал әзірге облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері өз күштерімен зерттей бермек.

Қуаныш Шақшақов, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры: 
Раствордың қалдықтары бар. Осы қалдықтарды алып, анализге жіберу керек. Бұл жерге радиокарбонды, радиоуглеродты сараптама жүргізу керек. Егер биоматериал шықса, ДНК анализдерін жасау керек. Металл әрине шығады ғой, металлографика анализдерін жасау керек.

 Ал қазір осы жерден алыс емес Красный Яр елдімекенінен 10 шақырым қашықтықта Ботай мәдениетінің қонысы зерттеліп жатыр. Мұнда тас дәуірінен қола дәуіріне өткен кезеңге тиесілі тұрақ анықталған. Қазба жұмыстары 15-інші маусымда басталған. Осы аралықта 50-ден астам жәдігер табылыпты.

Жасұлан Үкеев, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері: 
Қоланы алғашқы игере бастаған кездегі қоладан жасалған еңбек құралдары табылуы мүмкін. Әзірше қоладан жасалған еңбек құралдары табылған жоқ. Бірақ қыш ыдыстардың фрагменттері табылып жатыр. Көбінде жаңқалар, кескіштер, қырғыштар, жебенің ұшы, балтаның фрагменттері, найзаның фрагменттері табылып жатыр.

Жалпы Қошқарбай қонысында 20 шаршы шақырым аумақта зерттеуді қажет ететін 250-дей нысан бар.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу