Атырау облысында картоп пен сәбіз бағасын арзандату жұмыстары жүргізіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында картоп пен сәбіз бағасын арзандату жұмыстары жүргізіліп жатыр

18.06.2021

Атырау облысының әлеуеті қазіргіден де артады. Президент пәрменімен аймақты дамытудың алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспары қабылданды. Оның аясында баспана, жол, ауыз су, электрмен қамту, білім мен медицина саласындағы қордаланған мәселелердің күрмеуі шешіледі. Ал мұнай өндіру көлемін жылына 60 млн тоннаға жеткізу көзделген.

Аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін кәсіпкелермен келісім жасалған. Уағдаласқан дүкендерде тауарлар нарықтық бағадан 10-15 пайызға арзан. Ал картопты оңтүстік өңірлер мен Ресейдің көршілес облыстарынан жеткізу пысықталып жатыр.

Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
Қазір картоптың келісі 400 теңгеден 310 теңгеге түсті. Сәбіздің бағасы да арзандайды деп отырмыз. Маусымның соңында, шілденің басында өзіміздің өнімдерімізді саудаға шығарамыз.

Облыс орталығынан 250 шақырымда ораналасқан Құрманғазы ауданының халқы Атырауға пойызбен қатынауды асыға күтіп отыр. Пойыз кестесі, станциялар орны мен сұраныс көлемі нақтыланып жатыр, - деді аймақ басшысы. Мәселе енді мәслихаттың отырысында қаралады.

Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі: 
Депутаттар қолдайды деп күтудеміз. Қолдау көргеннен кейін әрі қарай тиісті жұмыстарды жүргіземіз. Тендер бар, басқа да процедуралар бар, соларды тездетіп, пойыздарды жібереміз деген жоспарымыз бар.

Өткен айда Президент пәрменімен алғаш рет аймақты дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Бұл бағытқа 9,5 трлн теңге инвестиция тартылады. Бюджеттен қосымша 800 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Мәселен, 2025-жылға дейін қара алтын өндіру көлемін жылына 60 млн. тоннаға дейін жеткізу көзделген. Аймақта 37 мектеп, 16 медицина нысаны бой көтереді. 640 шақырым жол жөнделеді. Ал ауыз су тапшылығын жою үшін 9 жоба жүзеге асады.

Су демекші, жұртты Жайықтың жағдайы алаңдатып отыр. Өзен жылдан жылға тартылып барады. Климаттың өзгеруі көршілес Ресейді де бей-жай қалдырып отырған жоқ. Әкім қос елдің министрліктері мәселені бір жақты етуде бірлесе жұмыс істеп жатыр деді. 

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу