Приозерск қаласында су тазарту станциясының құрылысы аяқсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Приозерск қаласында су тазарту станциясының құрылысы аяқсыз қалды

15.06.2021

Қарағанды облысының Приозерск қаласында қалдық суды тазарту станциясының құрылысы бес жылдан бері тоқтап тұр. Оған республикалық бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал қаладан шыққан қалдық су қазір жақын маңдағы тоғанға құйылуда. Сөйтіп бактерия мен инфекцияның ошағына айналған.

Атшаптырым аумақты алып жатқан станцияның құрылысы 2014 жылы басталды. Қазынадан 1 миллиард 250 миллион теңге қаржы бөлінді. Қондырғылардың көбі Еуропа елдерінен алынуы тиіс еді. Алайда жоба қымбатшылыққа ұшырап, қажетті жабдықтар түгел алынбады. 2016 жылы құрылыс біржола тоқтады.

Темірхан Айдарханов, қалалық ТҮКШ жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы: 
Қондырғылар доллармен бағаланғандықтан, оның курсы өсіп, екі жыл ішінде біз сатып алғанша қымбатшылыққа ұрынып қалды. Содан 4 жыл оған ақша қарастырылып тағы уақыт өтті. Одан кейін жобаға өзгеріс енгізілді. Қазір міне облыстық бюджеттен 135 миллион теңге қаралып жатыр.

Станция іске қосылған жағдайда тәулігіне 8600 текше метр қалдық суды тазарта алады. Сондай-ақ, құрамындағы биогумусты сүзіп алады. Бұл тыңайтқыш жасауға таптырмас шикізат.

Сергей Курец, коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы: 
Бұл аяғына дейін іске асырылса пайдасы зор әмбебап жоба. Жиналған қалдық заттардан тыңайтқыш өндіріледі. Оны жылыжайларға, ауыл шаруашылығына кеңнен пайдалануға болады. Ал тазартылған суды қаладағы бау-бақшаны, саябақтар мен гүлзарларды суғаруға мүмкіндік туады.

Бірегей жобаны ары қарай жалғастыру үшін өзге мердігерлік компания анықталған. Олар станцияға жеткізілмеген қондырғыларды сатып алып, жыл соңына дейін құрылысты бітіруі тиіс. Ал әзірше қаладан шыққан қалдық су жақын маңға ашықтан-ашық төгіліп жатыр.

Руслан Нұрланұлы, тілші: 
Қазір қаладан шыққан қалдық су мына 5 шақырым қашықта орналасқан биотоғанға келіп құйылады. Мұнда тәулігіне 8 мың текше метр қалдық шығарылады. Алайда тоған маңына төрт түлік келіп жайылатындықтан бактерия мен инфекция тарап кету қауіпі бар. Сондықтан жобаны тезірек жүзеге асырған жөн,-дейді мамандар.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу