Мемлекет басшысы 4 елшіден сенім грамотасын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы 4 елшіден сенім грамотасын қабылдады

11.06.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшысы елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтап сәттілік тіледі.

Жапония елшісі Джун Ямада, Үндістан елшісі Шубдаршини Трипати, сондай-ақ, Камбоджаның Қазақстандағы елшісі міндетін қоса атқарушы Ким Хенг Миэ және Шри-Ланканың біздегі елшісі міндетін қоса атқарушы Ламаванса Мигахаланде Дурагенің дипломатиялық қызметі басталды. Президент олардың аса жауапты қызметтері Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Біздің еліміз егемендігін алған уақыттан бері көпқырлы және халықаралық құқыққа негізделген теңгерімді сыртқы саясатын табысты жүргізіп келеді. Шығыс пен Батыстың ортасында стратегиялық аумақта орналасқан Қазақстан Еуразияға қатысты мәселелерде маңызды рөл атқарады.

Елшілермен жеке тілдескен мемлекет басшысы әр елмен, экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланысты нгығайтуға мүдделі екенін, алыс-беріс пен барыс-келісті арттыруға бар мүмкіндіктің бар екендігін айтты.

Джун Ямада, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы елшісі: 
Құрметті қазақстандықтар. Мен үшін бүгін тарихи күн. Қазақстанда еңбек ету өмірлік және жұмыс тәжірибем үшін маңызды кезең болмақ. Оның үстіне жаңа қызметке Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында келіп отырмын. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін барымды салып қызмет етемін.

Салтанатты шара соңында Президент дипломаттарға табыс тілеп, олардың мемлекеттерінің басшыларына жүрекжарды сәлемін жолдады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу