Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны шарықтап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны шарықтап кетті

10.06.2021

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы 6,3 пайызға өскен. Бұл туралы үкімет отырысында сауда және интеграция министрі айтты. Әсіресе құны маусым сайын құбылып тұратын көкөністер, импортқа тәуелді және сыртқы нарықта сұранысқа ие тауарлар қымбаттаған. Мәселені биліктегілер қалай шешпек? 

Коронадағдарыстан соң еліміздің экономикасы ептеп оңала бастады. Бұған үкімет үйінде айтылған сандар дәлел. Экономика тұрақталған сайын ел ішіндегі кәсіпке қаржы құйғысы келетін инвесторлар да көбейді. Әсіресе құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, сауда, көлік салаларын дамытуға қызығушылықтанытқандар көп.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда биылғы 5 айдың ішінде өсім 1,6 пайыз болды. Экономикалық дамудың негізгі драйверлері өңдеу өнеркәсібі 7,2 пайызға өсім. Машина жасау 21,1 пайыз. Оның ішінде автомобиль жасау 26,4. Және локомативтер мен вагондарды жасау өсімі 54,9 пайыз болды.

Мәселе де жоқемес. Кей тауарлардың бағасы айтарлықтай өсіп жатыр. Әсіресе күнделікті тұтынылатын, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны шарықтап кетті. Мәселен: сәбіз 145 пайызға, картоп 138, күнбағыс майы 117, пияз 110, қант 109, қарақұмық 108 пайызға қымбаттаған. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бағаның бой бермей кетуіне жергілікті билік өкілдерін кінәлады.Ішкі нарықдұрыс реттемелген, тұрақтандыру қорының жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмеген. Одан бөлек, өндірушілер ішкі нарықты толық қамтымай тұрып өнімдерін экспортқа жіберген. Кейін өзіміз шет елдерден қымбатқа қайта сатып алуға мәжбүр болдық.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Әкімдіктер барлық қажетті тетіктер болса да халықты қамтамасыз ету үшін ішкі нарықтағы картопты ұстай алмады. Атап айтқанда субсидиялау кезінде өндірушілерге қарсы міндеттемелер қойылмаған. Тұрақтандыру қорларына картоп жеткілікті көлемде сатып алынбады. Аймақтардың тұрақтандыру қорларында қазіргі уақытта картоп іс жүзінде жоқ.

Бақыт Сұлтанов ай сайын азық-түлік тауарларының өндірісі, импорт пен экспорт, қор мен тұтыну деңгейін ескере отырып, әр өңірде есеп жүргізу қажеттігін айтты. Осылайша бағаны бақылауда ұстауға болады. Үкімет басшысы Асқар Мамин барлық тетіктерді пайдалана отырып, бағаны тұрақтандыру жұмыстарына шұғыл кірісуді тапсырды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу