Өзбекстанмен шекаралас аудандарда шаруалар ағын суға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанмен шекаралас аудандарда шаруалар ағын суға зәру

04.06.2021

Түркістан облысындағы Өзбекстанмен шекарада орналасқан бес ауданда ағын су тапшы. Әсіресе Жетісай мен Мақтаарал аудандарына су келетін Достық каналының деңгейі төмендеп кеткен. Ал, Келес пен Сарыағаш аудандарында шаруалар суды күндіз-түні күзетіп, кезекпен алуға мәжбүр.

Келес ауданына қарасты Біртілек ауылының тұрғыны Гүлбахар Алпысбаева ағын судың тапшылығынан ауласындағы көкөнісін де суара алмай қалған. 40 соттық жеріне картоп пен қияр, қызанақ еккен өнімі енді сусыз қурап кететін түрі бар.

Гүлбахар Алпысбаева, Біртілек ауылының тұрғыны:
Былтыр да біз мына жерде бақша ектік, сол бақша еккен жерде қалып кеткен негізі. Ішетін суымыз да жоқ, арықта да су жоқ. Қазір не суға жауап бермейді, ештеңеге жауап бермейді.

Төңіректегі өзге ауылдарда да жағдай мәз емес.Өйткені шекаралық ауданды ағын сумен қамтитын негізгі үш каналдың суы да Өзбекстаннан келеді. Мәселен, Солтүстік Ташкент каналы арқылы шекара шебіндегі он шақты ауылға келетін ағын судың көлемі көктемнен бері күрт азайып, кейбір егістіктерге су бармай қалған. Ал, су жеткен жерлердің өзінде кезекпен беріледі.

Ал, Жүзімдік ауылының тұрғындарының айтуынша,1500 гектар егістік жерге су бөлетін Оймауыт бөгеті апатты жағдайда. Сала мамандары бүгінде көрші елмен келіссөздер жүргізіліп, су тапшылығы мәселесі біртіндеп шешіліп жатқанын алға тартады.

Асқар Қыстаубаев, Қазсушар РМК Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары:
Қазіргі таңда Сарыағаш, Қазығұрт, Келес аудандарына 64 текше метр куб су сұраныста болса, есесіне 50 куб шамасында шаруаларға су беріліп жатыр. Мақтаарал, Жетісай аудандарына 50 куб шамасында болса, бүгінгі күні 45 куб суды алып, 37 куб шамасында су беріліп жатыр. Әлі де тапшылық бар.

 Яғни, Өзбекстандағы Шарбақ ГЭС-не жылдағыдан 4 есе су кем жиналған. Ал, суды кезекпен беру мәселесін мамандар артық суармалы жерлердің анықталуымен түсіндіреді. Мақтаарал мен Жетісай аудандарында тапшылықты жою үшін дренаждар мен насостар іске қосылып, Шардара су қоймасынан су жеткізу мәселесі шешілуде.

Айнұр Ақбаева 

Хабарламаларға жазылу